Сарапшы: Салтанат Нүкенованы қылқындыру белгілері бар

Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасып жатыр. Сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров Салтанат Нүкенованың өліміне себеп болған бас жарақаттары туралы айтты.

Ол марқұмның бет-жүзінде болған жарақаттарды манекенге салып көрсетті. Сарапшы бұл жарақаттар өзге адамның қолынан пайда болғанын айтты.

Есі сау адам өздігінен мұндай жарақат алмайды. Биіктен құласа бір жөн, жерде тұрған адам басын жерге соғып, мұндай зақым ала алмайды, — деді ол.

Сарапшы Салтанат Нүкенованың мойнында қылқындыру белгілері бар болғанын атап өтті.

Оны соққылардан кейін қылқындырған ба? — деп сұрады судья Айжан Көлбаева.

Жобалап айтқанда, қылқындыру белгілері соны көрсетеді. Жүйелі түрде, жедел гипоксия көрінісінде тез өлім картинасы байқалады, яғни қылқындыру өлімнен аз уақыт бұрын, соққылардан кейін болуы мүмкін, — деді сарапшы.

Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың ісі Астана сотына жіберілген болатын. Оған екі бап бойынша айып тағылып отыр. Олар:

  • Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігінің 6-тармағы – адам өлтіру, басқа адамды қасақана аса қатыгездікпен адам өлтіру қазаға ұшырату (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы — адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамды қинау (төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немес осы мерзімге бас бостандығынан айыру);
  • Ал Бақытжан Байжанов қылмыстық кодекстің 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (аса ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша айыпталып отыр.

Еске салайық, былтыр 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып, өлтіргені туралы хабар тарады.

12 қарашада Қуандық Бишімбаевқа қатысты екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы қабылданғаны белгілі болды.