Бүгін институт алаңында «SARAP» эксперттік клубының «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс»: ұлттық құндылықтардың жаңа парадигмасы тақырыбындағы отырысы өтті.
Жиынға ұлттық құрылтайдың, әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшелері, сараптамалық қоғамдастық пен академиялық ортаның өкілдері және ҚҚДИ сарапшылары қатысты.
Шарада «Адал азамат» және «Әділетті Қазақстан» ұғымдарының мән-маңызы, жаһандану заманында ұлттық идеология қалыптастырудың қажеттігі және құндылықтар өзгерісі туралы сөз қозғалды.
Отырыс модераторы – қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасының орынбасары Олжас Түсіпбекұлы президенттің ұлттық құрылтайдағы сөзіне тоқталып, қоғамды жаңғыртудың қажет шарты ретінде құндылық бағдарларын қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Қазіргі таңда біз Қазақстан социумының ерекшелігін айқындайтын жалпыұлттық құндылықтар жүйесін анықтаудамыз. Болашақта азаматтарға бағыт-бағдар мен күш-жігер беретін ұстаным қалыптастыру – басты мақсат. Сол себепті біз ұлттық құрылтайда айтылған негізгі идеяларды жинақтап, «Адал азамат» тұжырымдамасының жобасын жасап көрдік, — деді спикер.
Жиынға қатысушылар осы жоба тұжырымдамасы жөніндегі пікірлерін ортаға салды.
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина халықтың «Адал азамат» тұжырымдамасына көзқарасы туралы фокус-топтық зерттеу нәтижелерін атап өтті. Спикердің айтуынша, «Әділетті Қазақстан» ұғымына қарағанда «Адал азамат» ұғымын халық жақсы қабылдаған. Ол:
Біз, әрине, «Адал азамат» тұжырымдамасын келешекке бағыттаймыз. Мақсат – болашақта азаматтардың сана-сезімін өзгерту, қоғамдық көзқарасын қалыптастыру. Сондықтан тұжырымдама жасап, мәдениетті сіңірер болсақ, әр буынның ерекшелігін ескеріп, жобаны әртүрлі форматта ұсынуымыз керек, — деп пікір білдірді.
ҚР мәдениет және ақпарат министрлігі жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Найла Мұхтарова ортақ құндылықтарды қалыптастырудың маңызы мен отбасы тәрбиесін ерекше атап өтті.
Әрбір азаматтың жеке құндылықтарына негізделген қоғамдық құндылықтарды қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру маңызды. Кейінгі жылдары атқарылған жұмыстарға қарамастан, қазіргі қоғамдық-саяси жағдайды ескере отырып, оны қайта жаңдандыру қажет, — деді.
Мемлекеттік басқару академиясы мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің директоры Талғат Жақиянов «Елімізде қалыптасқан құндылықтар жүйесі – ұлттық идеология жоқ, сондықтан бұл тұжырымдаманы дайындауға асығуымыз керек» деген пікір білдірді. Сонымен қатар «Адал азамат» ұғымының мағынасына ерекше тоқталды.
Адал азамат» деген тіркесті аударудың қажеті жоқ. Өйткені «Ответственный гражданин» сөзі концепцияның мәнін толығымен аша алмайды. «Адал» ұғымының астарында әділдік, тазалық сынды бүкіл жақсы қасиет топтасқан, — деді спикер.
Жалпы, қоғамның құндылық бағдарлары жаһандық дағдарыстар кезінде болып жатқан терең өзгерістерді жете түсінуге, қоғам моделін объективті түрде болжауға және ұрпақтар сабақтастығын жалғауға мүмкіндік береді.
Отырыс соңында өзге сарапшылар да осы бағыттағы ұсыныс-пікірлерін айтып, «Адал азамат» тұжырымдамасын жүзеге асыру тетіктерін қалыптастыру өзекті деген қорытындыға келді.