Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық штабтың отырысын өткізді

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың отырысы өтті.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Биылғы қарғын су ауқымы жағынан кейінгі 30 жылдағы ең ірі су тасқыны саналған 2012 және 2017 жылдардағы деңгейден асып кетті. Бұл нені білдіреді? Болжам жұмыстары мүлдем болмаған. Жағдай салалық мамандардың тапшылығынан туындап отыр. Егер әкімдіктер жыл сайын су тасқынына қарсы жоспарланған барлық іс-шараны тиісті деңгейде жүзеге асырғанда, ауа-райы жағдайын ескергеннің өзінде, апаттың салдары мен ауқымы мұншалықты болмас еді. Соған қарағанда, әкімдіктер бұл жұмыстармен айналыспаған. Қазір су тасқынынан төнетін қауіп сейілді деуге келмейді. Сондықтан ішкі істер министрлігінің, ұлттық ұланның, қарулы күштердің, ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық күші мен құралын, оның ішінде кадрлық және техникалық ресурсын барынша жұмылдыру қажет. Сонымен қатар еріктілерді, жәрдем бергісі келетін азаматтарды тарту керек. Алайда ең бастысы – мемлекеттік органдар. Ахуал кез келген сәтте ушығып кетуі мүмкін. Қазіргі басты міндет – адам шығынына жол бермеу. Бұл орайда жіберілген қателіктер мен олқылықтарды ескеруіміз қажет, – деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке, құзырлы мемлекеттік органдарға және облыс әкімдеріне бірқатар тапсырма берді.

Су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тиісті барлық көмек көрсетілсін. Бұл мақсатқа үкіметтің және әкімдіктердің резервін ғана емес, «Қазақстан халқына» қорының қаржысын да пайдалану қажет. Осындай жауапты сәтте еліміздегі бизнес өкілдерін халыққа қол ұшын созуға шақырамын. Апаттан зардап шеккен азаматтарға және аймақтарға барынша қолдау көрсету керек. Бұл – дәл қазіргі кезеңде баршаға ортақ міндет. Қарғын судан қатты шығынға ұшыраған батыс аймақтарда ірі кәсіпорындар көп. «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялар, жер қойнауын игерушілер бар. Олар халыққа жәрдем беріп, бүлінген инфрақұрылымды қалпына келтіруге атсалысады деп сенемін, – деді мемлекет басшысы.

Президент су басқан аймақтарда әлеуметтік маңызы бар қызметтер мен азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу мәселесіне үкімет назарын аударды.

Су тасқыны мен өртке қатысты жағдай жыл сайын қайталанады. Жауапты органдар мен салалық қызметтердің (Қазсушар, Қазгидромет) жобалау, сараптама жасау жұмыстары нашар ұйымдастырылған. Тиісті шаралар, негізінен, жағдай орын алғаннан кейін немесе толыққанды болжам жасалмай қабылданады. Сондықтан бізге дағдарыс жағдайларын болжаудың нақты тетігі өте қажет. Цифрлық даму министрлігі экология, су ресурстары және төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп жыл соңына дейін барлық ықтимал төтенше жағдайларды (су тасқыны, өрт және т.б.) модельдеуге, тиісті болжамдар, ұсынымдар мен іс-қимыл жоспарын жасауға мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе әзірлеуге тиіс. Айтпақшы, үкімет пен жергілікті атқарушы органдар, ең алдымен, облыстардың әкімдері жазғы маусымға да дайын болуы қажет. Өрт немесе басқа да табиғи апаттардың болуы әбден мүмкін. Қазіргідей қамсыз отырмай, алдын ала әрекет ету керек. Су тасқынын көргенде, көктен түскендей абдырап қалдыңыздар. Осы ретте еліміздің шығыс өңірлеріндегі су тасқынын модельдеу жөніндегі ТЖМ мен «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясының бірлескен жұмыс тәжірибесін қолдануға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қарғын суды ауыл шаруашылығы қажетіне жарату үшін жоспар әзірлеу және пәрменді шаралар қабылдауды тапсырды. Оның айтуынша, әкімдіктер еріген қар суын елді мекендерден өзен арналарына немесе тоғандарға бұру жұмыстарын жүргізуі керек.

Мемлекет басшысы үкімет бекіткен су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын сынға алды. Оның пікірінше, тұжырымдаманы жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары декларативтік сипатқа ие. Құжат су тасқыны салдарынан болатын шығынның алдын алу және азайту мәселесін кешенді түрде шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан тұжырымдаманы қайта қарау жөнінде міндет жүктелді.

Құзырлы мекемелер, яғни әкімдіктер, төтенше жағдайлар министрлігі, су ресурстары министрлігі бірлесіп жұмыс жасамайды. Жауапкершілік алудан қашады. Жұмысты бір-біріне сілтеп отырады. Жағдай осылай жалғасатын болса, тиісті қызметкерлерді лауазымынан босату қажет. Ең басты критерий – мемлекеттік қызметшілердің тиімділігі. Мемлекеттік органдар және әкімдіктер арасында нақты әрі тұрақты байланыс алгоритмі жоқ. Тиісті министрлік еліміздің табиғи апаттарға дайындығын қадағалап отыруы қажет. Бұл – министрліктің негізгі мақсаты. Осы мәселеге баса назар аудару керек. Министрлік гидротехникалық және басқа да маңызды нысандардың жағдайын тексеріп, шынайы мәлімет беріп отыруға тиіс, – деді президент.

Мемлекет басшысы су тасқыны мәселесі бойынша халықаралық тәжірибені, өзге елдердің қарғын суды қалай игеретінін мұқият зерттеу қажет екенін айтты.

Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде су ресурстары, ирригация салалары бойынша техникалық мамандардың тапшылығына назар аударды. Осыған қатысты үкіметке шұғыл түрде шешім қабылдауды тапсырды.

Отырыс барысында премьер-министр Олжас Бектенов, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұханбетов, Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев баяндама жасады.