Басты бетҚоғамТең мүмкіндік...

Тең мүмкіндік беру: Астанада хоккейден үздік ауыл балалары анықталды

Елордадағы «Барыс» спорт кешенінде ауыл балаларының командалары арасындағы шайбалы хоккей турнирінің жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттауға Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Азамат Ағзамов, «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бас директорының орынбасары Досбол Көшербаев, ауыр атлетикадан әлемнің төрт дүркін чемпионы, Қазақстандық зілтемірші Илья Ильин, «Қазақстан спортшылар одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Қарлығашев және Қазақстан хоккей федерациясының атқарушы директоры Алексей Мамонтов қатысты.

Үш күнге созылған «SAMRUK BALA CUP» турнирі Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Атырау, Ақтөбе облыстарынан және Астана мен Алматы қалаларынан келген 24 командадан тұратын 300 баланың басын біріктірді. Бұл турнирде ауылдық жерлерден келген командалардың басым көпшілігі республикалық деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысты. Ойыншылар арасында Ақкөл балалар үйінің тәрбиеленушілері де болды.

Республикалық турнирдің қорытындысы бойынша «қоланы» Ақмола облысынан келген «Максимовка» командасы иеленсе, «күмісті» ШҚО намысын қорғаған «Ұлан» командасының хоккейшілері қанжығалады.

Ал Ақмола облысының оңтүстік-шығысында орналасқан Целиноград ауданынан келген «Отан» командасы республикалық турнирдің жеңімпаздары деп танылып, «алтынға» ие болды.

Айтулы республикалық турнир Қазақстанның барлық өңірінен қатысатын балалар мен жасөспірімдер арасында жоспарланған турнирлер сериясын қорытындылайтын үшінші турнир. Дәл осындай екі республикалық турнир 2023 жылғы желтоқсанда және биыл ақпанда елордада 600 баланың басын қосқан болатын.