Үкімет басшысы Солтүстік Қазақстандағы су қоймасына барды

Премьер-министр Олжас Бектенов Солтүстік Қазақстандағы Сергеев су қоймасына барды. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.

Солтүстік Қазақстан облысы су тасқыны қаупі бар аймаққа кіреді. Облыстың негізгі су көзі – Есіл өзені. Оның ағысы үш су қоймасымен реттеледі. Олар: Астана, Сергеев және Петропавл су тораптары.

Қазіргі уақытта Сергеев су қоймасы қалыпты жағдайда және штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Бірақ былтыр сәуір айында су тасып кетті. Бүгінде қоймадағы судың деңгейі жоғары болып тұр.

Сергеев және Петропавл су қоймалары — республикалық меншіктегі су шаруашылығы құрылыстарының тізбесіне енгізілген және ерекше стратегиялық маңызы бар су шаруашылығы құрылыстары. Сергеев су қоймасындағы жиналған судың көлемі 82%. Бұл жерлерде саяжай учаскелерін ерекше назарда ұстауды тапсырамын, — деді Олжас Бектенов.

Премьер-министр Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігіне барлық алдын алу іс-шараларын аяқтауды, ал төтенше жағдайлар министрлігіне су тасқыны жағдайы ушыққан жағдайда барлық адамды және техниканы жұмылдыруды тапсырды.

Қазіргі кезде бірқатар өңірде су тасқыны көбейді. Төтенше жағдайлар, ішкі істер мен қорғаныс министрліктері мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнаулы күштері мен құралдары — барлығы 4 мыңға жуық адам, 1,3 мыңнан астам техника су тасқынына қарсы жұмыстарға тартылды. Жол қатынасы қиын жерлерде адамдар тікұшақтармен эвакуацияланып жатыр.

Жұмыстар қауіп толық сейілгенше жалғасатын болады. Жағдай қатаң бақылауда. Зардап шеккендерге үкімет және әкімдік тарапынан қажет көмек беріледі, — деді Олжас Бектенов.