Алматының орталығындағы саябақ мемлекетке қайтарылды

Алматы прокуратурасы қала орталығындағы саябақты қайтарды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады. 

Көпқабатты тұрғын үй салу үшін заңды тұлғаға 2,8 гектар жер телімін заңсыз беру фактісі анықталды.

Талдау көрсеткендей, 2007 жылы жергілікті атқарушы орган Алматы қаласының бас жоспардың ережелерін және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын елемей, заңды тұлғаға саябақ аймағы қарастырылған учаскеге жеке меншік құқығын берген. Кейіннен бұл жер шамамен 2,3 миллиард теңге өтемақы төленіп, мемлекет мұқтажы үшін тәркіленді, — делінген хабарламада.

Уәкілетті орган қадағалау актісін орындау үшін Алматы әкімінің қаулысын және одан кейінгі азаматтық-құқықтық мәмілелерді заңсыз деп тану туралы талап арыз берді. 26 наурызда апелляциялық сатыдағы сот талаптарды толық қанағаттандырды.