Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарында қызметке кірісті

Қазақстандық бітімгерлер Голан жоталарында қызметке кірісті. Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлады.

Қазақстандық бітімгерлер күнделікті қызметке кірісіп кетті, – делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, қазақстандық әскерилер БҰҰ миссиясындағы жедел әрекет ету күштерінің іс-қимыл алгоритмімен және базаның инфрақұрылымымен танысқан.

Біздің бөлімше миссия қолбасшысының резерві. Ол құраманы түрлі міндеттерді, оның ішінде дағдарыс сәттерін орындау үшін жұмылдыра алады, – деді қорғаныс министрлігі халықаралық ынтымақтастық департаментінің аға офицері подполковник Ілияс Мұстафин.

Ирландиялық әскери қызметшілер жедел әрекет ету күштерінің іс-қимыл тәртібі, функцияларды бөлу бойынша сабақтар өткізді, Голан жоталарындағы жауапкершілік аймақтары мен мұнда атқарылатын қызмет ерекшеліктерімен таныстырды.

Күнделікті қызмет шеңберінде әскери қызметшілер әскери техникаға қызмет көрсетумен және бронды дөңгелекті машиналарға жауынгерлік модульдерді орнатумен, тұрмысты жайластырумен, міндеттерді орындауға дайындықпен айналысады.

Ауыз сумен, азық-түлікпен, жанар-жағармаймен және тағы басқа қамтамасыз ету үдерісімен танысу жүріп жатыр. Мұның бәрі миссияның түрлі компоненттері деуге болады, – деді қорғаныс министрлігі бітімгерлік операциялар орталығы бастығының орынбасары подполковник Рустам Жанжүменов.

Бұдан басқа, материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімшесі машиналарға жөндеу жүргізетін тұрақ-гараж жабдықтарын, қолда бар қару мен оқ-дәрілерді сақтауға арналған арнайы контейнерлерді орнатумен айналысады.