Алматыда арық желілерінен 640 тонна қоқыс шығарылды

«Қазгидромет» РМК синоптиктерінің мәліметінше, 20-22 наурыз аралығында Алматыда күн бұзылып, нөсер жауын жауады. Осыған байланысты қаланың коммуналдық қызметтері дайындалып жатыр.

Қазір 536 жұмысшы мен 89 арнайы техниканың күшімен арық желілеріндегі қоқыстарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оңтүстіктен солтүстікке қарай орналасқан негізгі меридиандық арықтарды тазарту аяқталды. Көлденең арық желілерін жинау жұмыстары жалғасуда. 18 наурыздағы жағдай бойынша 640 тонна қоқыс, сазды балшық, лай және мұз шығарылды.

Жауын-шашын кезінде су басудың алдын алу үшін мотопомпалармен және шанц құралдарымен жабдықталған 52 жедел мобильді бригаданың кезекшілігі ұйымдастырылады.

2 300 қап құм дайындалды. Аудандық әкімдіктерде жұмыс өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылатын болады.

Күннің бұзылуына байланысты тұрғындарға тауға барудан бас тартуға, жүргізушілерге ағаштардың құлау қаупі мен электр желілерінің үзілуіне байланысты көліктерді жол жиегіне қоймауға шақырамыз. Су тасқынын болдырмау үшін қала тұрғындарынан арықтар мен каналдарға қоқыс тастамауды сұраймыз, — делінген хабарламада.