Астанада 2,5 мыңнан астам жұмысшы қар тазалауға шықты

Елордада кейінгі күндері қар аралас жауын-шашын жауды. Осыған байланысты коммуналдық қызмет мамандары тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.

Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, 15 наурызда қар тазалауға 2,5 мыңнан астам жол жұмысшысы жұмылдырылған.

15 наурыз күні таңертең қала көшелерін қардан тазартуға 2,5 мыңнан астам жол жұмысшысы мен 1,1 мыңнан астам арнайы техника шықты.

14 наурыздан 15 наурызға қараған түні коммуналдық қызмет полигондарға 1 400-ден астам рейс жасап, 19 мың текше метрден астам қар шығарды. Қыс басынан бері елордадан 459,2 мың рейс, 6,3 миллион текше метр қар шығарылды. Қалада қар тазалау тәулік бойы ауысымдық режимде жүргізіледі. Бірінші кезекте орталық көшелер, жолаушылар көлігі маршруттары, аялдамалар мен тротуарлар тазаланады, — делінген хабарламада.

Көктайғақ кезінде қала тұрғындарының ыңғайлы қозғалысы үшін жолдарға, тротуарлар мен көшелерге құм-тұз қоспасы себіледі. Автокөлік жүргізушілерінен жолда мұқият болу, жылдамдық режимін сақтау сұралады.