Алматыда №126 бағыттағы автобустар саны көбейді

Алматыда 14 наурыздан бастап №126 бағытта «Қайырбеков/Жібек жолы – Диспетчерлік пункт» бойынша жүретін автобустар жаңартылып, жылжымалы бірліктер саны артты.

Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, жүйелілікті қамтамасыз ету және жоспарланған қозғалыс аралығын 20 минуттан 6 минутқа дейін қысқарту мақсатында қалалық мобильділік басқармасы 8 автобустың орнына 25 автобус шығару туралы шешім қабылдады.

Golden Dragon маркалы 12 метрлік жаңа автобустар заманауи жабдықпен жабдықталған. Атап айтар болсақ, ауабаптағыш, бейнебақылау жүйелері және телефондарды зарядтауға арналған USB коннекторлар бар. Сонымен қатар салонға аялдамаларды көрсететін ақпараттық дисплей орнатылған.

Бұл ретте босатылған автобустар басқа бағыттарды күшейтуге және «АлматыЭлектроТранс» автопаркінің резервтік құрамына жіберіледі.

Биыл тағы 600 автобус, 100 троллейбус және 100 электроавтобус сатып алу жоспарға енгізілген.