Қазақстанда ең көп сатылатын пәтерлер екі бөлмелі

Көпқабатты үйлердегі пәтер саудасының негізгі үлесі Алматы (24,3%), Астана (23,5%) қалаларына және Қарағанды облысына (7,9%) тиесілі. Бұл туралы ұлттық статбюро хабарлады.

2024 жылғы қаңтармен салыстырғанда, көппәтерлі үйдегі мәміле саны 4,4% (1 128 мәмілеге) азайды.

2024 жылғы ақпан айында пәтер бойынша барлығы 24 517 мәміле жасалды, бұл жалпы мәміле санының 80,3%.

Бөлме саны бойынша екі бөлмелі пәтер сатылымы басым болды, 2024 жылғы ақпанда осындай 9 167 мәміле ресімделген. 2024 жылғы қаңтар айымен салыстырғанда, ақпанда жеке тұрғын үйлер бойынша тұрақтылық байқалады, мәміле саны 0,8% немесе 51 мәмілеге азайды.  Ақпанда барлығы 6 017 мәміле тіркелді. Сонымен қоса азаю еліміздің барлық аймағында байқалды, — делінген хабарламада.

Ең жоғары өсім Астана (+65,7%), Алматы (+14,1%) қалаларында және Шығыс Қазақстан облысында (+9,4%) байқалды. Ал бір айдағы ең үлкен құлдырау Абай (-23,7%), Солтүстік Қазақстан (-10,8%) және Түркістан (-9,8%) облыстарында болды.

2024 жылғы ақпанда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілесі былтырғы ақпанмен салыстырғанда 26,6% көбейген, ол кезде 24 118 мәміле ресімделген болатын. Оң көрсеткіш Ұлытау және Маңғыстау облыстарынан басқа елдің барлық аймағында тіркелді, ондағы азаю сәйкесінше 18,3% және 8,7%. Павлодар облысында ұлғаюдың ең үлкен көрсеткіші (75,4%) тіркелді, — делінген хабарламада.

2024 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы мәміле санының 2023 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы мәміле санымен салыстырғанда 28,6% оң динамика байқалды.