Шаштараз бен сұлулық салондарының қызметі 15%-ке қымбаттады

2023 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында елімізде шаштараз және сұлулық салондарының қызметі 62,3 миллиард теңгеге жетті. Бұл — өткен жылмен салыстырғанда 80,2%-ке артық.

Бұл туралы Finprom.kz хабарлады.

  • Finprom.kz мәліметінше, көбіне алматылықтар сұлулық салондарының табалдырығын (19,9 миллиард теңге) «тоздырады» екен.
  • Астана екінші орында тұр (12,6 миллиард теңге). Үштікті Қарағанды облысы түйіндеді (6,4 миллиард теңге).
  • Түркістан облысында бар болғаны 389,8 миллион теңгеге қызмет көрсетілген.
  • Алматы облысы (528,7 миллион теңге) және Ұлытау (555,6 миллион теңге) облысы да қызмет көрсету көрсеткіші бойынша төмен сатыларда орналасқан.

2024 жылғы қаңтарда шаштараздар мен сұлулық салондарының бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда 14,5%-ке өскен. Бағаның ең көп өсімі Шымкентте байқалды (жылына 22,5%). Сонымен қатар Алматы (22,1%) және Абай (21,9%) облыстарында да қымбатшылық тіркелді, — делінген хабарламада.

Бір жылда педикюр бағасы 10%-ке, маникюр 16,4%-ке, эпиляция 7,5%-ке өсті. Әйелдердің шаш қиюы 18%-ке, ерлердікі 14,3%-ке қымбаттаған.

Биыл қаңтар айында республика бойынша орта есеппен әйелдердің шаш қиюы — 3,5 мың теңге, ерлердің шаш қиюы — 2,4 мың теңге болды.