Марғұлан Ақан – журналист. Ол жақында «Үміт. Өмір үшін күрес» деген кітап жазды. Кітапта омырау безінің қатерлі ісігімен күресіп келе жатқан ананың тағдыры, осы жолда арпалысқа түскен ұлдың өмірі суреттеледі. Бұл кітап қатерлі дертпен күресіп жүрген жандар мен олардың жақындарына арналған.
Baribar.kz тілшісі Марғұлан Ақанмен сөйлесіп, жаңа туындысы мен кітап шығарудың қыр-сыры туралы сұрады.
Кітап туралы
Марғұлан Ақан бұл кітапта анасына диагноз қойылған кезден бастап кешкен күйзелісін, қаржылық ауыртпашылық пен өшпейтін үміт арасындағы арпалысын жазған. Кітапты «Үміт. Өмір үшін күрес» деп атауы да бекер емес.
Бұл кітапта алты жылға жуық уақыт омырау безінің қатерлі ісігімен күресіп келе жатқан ананың тағдыры, онымен бірге осы жолда арпалысқа түскен ұлдың өмірі суреттелген. Кітапты қалай атаймын деп көп ойландым. Адам қызығатындай ерекше атау қойғым келді, бірақ кітапты жазып отырып қайта-қайта оралып отырған ең көп сөзім, ойым, қалауым, бүкіл ішкі жан әлемім үмітке иек артқанын түсіндім. Қазақ ұғымында да «үміт» деген сөздің киесі бар. Үміттің соңғы өлетінін білеміз. Ендеше бұдан артық атау жоқ сияқты, – дейді ол.
«Үміт. Өмір үшін күрес» кітабында қатерлі дертке шалдыққан ананың эмоциясы да, шарасыз қалған сәттері де, отбасы үшін арпалысы да бар.
Кітапта 2018 жылдың күзі мен 2023 жылдың соңына дейінгі жүріп өткен ана мен баланың жолы жазылған. Кітапта алғаш «рак» деген сөзді естіген кездегі эмоция, мүлдем бейхабар әлемнің ішіне кірген сәттегі сезім, онкология институтының ішіндегі өмір, шарасыз қалған сәттер, шаш пен қастың түскені, сүйектердің босағаны, әйел адамның ішіндегі отбасы үшін арпалысы, қор ашуға себеп болған жағдайлар, Стамбұл сапары, миға түскен метастаздың әлегі, адамзаттың сүйіспеншілігі және махаббат толық бейнеленген, – дейді автор.
«Бұл жабық қарастыратын тақырып емес»
Марғұлан Ақан қатерлі ісік тақырыбы ашық айтылуы керек екеніне де тоқталды.
Біздің қоғамда «рак» деген ұғым табуға айналған. «Рак» деген сөзді «жаман ауру», «көз тиген» деген сөздермен алмастырамыз. Бұл – жамандықты шақыра бермеу, жамандықтан аулақ болу. Алайда жыл сайын елімізде 40 мыңға жуық адам онкологиялық дертке шалдыққаны тіркеледі. Оның ішінде бірінші орында осы омырау безі қатерлі ісігі тұр. Онколог дәрігерлердің жетіспейтінін, аймақтардағы жағдайдың деңгейін ескерсек, бұл жабық қарастыратын тақырып емес, – дейді ол.
Автордың сөзіне қарағанда, қатерлі ісікке қарсы дәрі ойлап тапқан адамға ғаламның бар сыйын беруге болады.
Ғылым мен медицина дамыды деп айтамыз. Шындығында жаңа әрі ерекше технологиялардың дүниеге келгенін айтып жүргеніміз болмаса, бүгінге дейін дәл осы қатерлі ісікті толық емдеуге болатын жолды тапқан жоқпыз. Бұл – біздің ғана емес, әлем ғалымдарының ортақ проблемасы. Нобель сыйлығы да «рак» дертіне қарсы ем ойлап табылған кезде жабылуы мүмкін деген ақпарат оқып едім. Қателесуім де мүмкін. Не де болса бұл дертті емдеуге қарсы дәрі ойлап тапқан адамға ғаламның бар сыйын беруге болатын шығар деп ойлаймын, – дейді Марғұлан Ақан.
Жақыны қатерлі ісікке шалдыққан адамдарға қандай кеңес бересіз?
Марғұлан Ақан не көріп, не түйгенін, қалай әрекет еткенін айтып берді:
- «Рак» деген сөзді естіген кезде «өлім» деген ойды ең бірінші ойламаңыз. Бұл аурудың түрі мен деңгейі бар. Өмірді ұзартуға деген жолдары да жоқ емес. Қорқыныш болатыны түсінікті, бірақ «Енді қайтеміз?» деп қол қусырып отыру жарамайды. Әрекет және әрекет.
- Шетелге жүгірмеңіз. Біздегі республикалық орталықтарға, жеке клиникаларға барып көріңіз. Алайда жан-жақты зерттеп, сұрастырыңыз. Диагнозды қате қойып жіберген кейстер көп. Қазақстанда ем алып, тіркеуге тұрған соң шетелге барсаңыз, ауруыңыздың тарихы жайында елдегі медицина саласының мамандары хабардар болады. Өз мамандарымыздың алдына баратын болған соң олардың алдынан өткеніңізді айтуға, әлдебір қатені дәлелдеуге мүмкіндік туады.
- Күресе беріңіз. Ақпарат іздеп, оқыңыз. Деректі фильмдер, зерттеу дүниелер көп. Ағылшын тілінен қазақшаға аударып оқуға болады. Өзім солай істедім.
- Ауырып жатқан науқастан дертін жасырудың қажеті жоқ. Жасырған сайын ол адам «менде бәрі жақсы» дегенге салып күресті тоқтатады немесе аяқастынан дерті туралы жаңалық естісе одан сайын күйзеліске түседі. Яғни ештеңе жасырмаған дұрыс.
«Жазушы идеяны аспаннан алмайды»
Марғұлан Ақан «Әйеліммен әңгіме» деген де кітап жазған. Оның айтуынша, шынайы оқиғаға сүйеніп жазылған кітаптардың сұранысы бар.
Жазушы идеяны аспаннан алмайды. Тіпті қиял-ғажайып, фантастикалық еңбектердің өзінде бір шындық болады. Ол шындық өмірмен тікелей байланысты. Не үшін шынайы өмірге негізделген кітаптар, фильмдер сұраныста деп ойлайсыз? Демек басқалардың да өмірінде сол оқиға бір рет болса да қайталанады. Сол үшін ондағы шындық оқуға, тәжірибе алуға тұрарлық. Жазушы ретінде қоғамға екі кітап ұсындым. Алғашқы кітап өзімдегі түрлі таптаурын түсінікті сындыру арқылы дүниеге келді. «Әйеліммен әңгіме» дейтін кітапты жазуға анам мен әйелім әсер етті. Олардың өмірі, арманы, жеке тұлға ретіндегі болмысы тікелей сеп болды. Сондықтан ол кітап кеңес беруден гөрі, шынайы тәжірибеге сүйеніп жазылды, – дейді ол.
Марғұлан Ақан қоғамның жарасын дөп басатын шығарма жазуға тырысу керек деп есептейді.
Бізде кітап сатып алу, кітап оқу мәдениеті үлкен деңгейге жеткен жоқ. Кітап сату үшін де жеке бренд керек. Әлеуметтік желіде үлкен аудиториясы бар блогерлер кітап жазып, сатады. Ол кітаптар сатылады. Бұл жерде кітап керемет емес, блогердің аудитория алдындағы болмысы керемет. Демек, сенім деген сөз. Сондықтан біздің жазушыларға оқырманға бұрынғыдан да жақын болуды ұсынар едім. Кейінгі екі жылда кітап жазып 3 миллион теңгеден астам табыс тауыппын. Оның ішінде «Әйеліммен әңгіме» мен «Үміт» және жақсы сатылған PDF форматтағы электрон кітап бар. Төрт күн ішінде рекорд қойған да сол PDF форматтағы кітап болды. 800 мың теңге таза пайда таптым. Сондықтан не істесек те, не ұсынсақ та қоғамның жарасын дөп басып, жараға ем болатын жолды іздеуіміз керек, – дейді ол.
«Үміт. Өмір үшін күрес» кітабына тапсырыс беру үшін Марғұлан Ақанның парақшасын бассаңыз болады.