Мәжіліс әйел мен баланың құқығын, олардың заңды мүддесін қорғайтын заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Түзетулер бойынша, кәмелет жасына толмаған немесе дәрменсіз жағдайда болған адамдарды азаптап, денсаулығына зақым келтірген адамдарға қылмыстық жауапкершілік қатаңдады. Бұл іс бойынша енді қылмыскер шартты жазамен құтылып кетпей, нақты бас бостандығынан айырылады.
18 жасқа толмағандарды өлтіргені үшін, педофилия үшін қылмыскер өмір бойы түрмеде отырады.
Бұл түзетулер балаларды қорғау мақсатында қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Енді балаларды ұрған қылмыскер 80 АЕК-ге дейін айыппұл төлейді немесе 80 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылады я болмаса 25 тәулікке дейін қамауға алынады.
Кәмелет жасына толмағандарды ерекше қатыгездікпен ұрған, қызметтік міндетін атқарғанда жасаған әрекеті үшін қылмыскер шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айырылады.
Суицид жасауға итермелегені үшін қылмыскер тоғыз жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Оған қоса суицидке үгіттегені үшін тағы бір қылмыстық жауапкершілік енгізілді – енді қылмыскер 200 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Кәмелет жасына жетпеген адамды қорлаған қылмыскерге, сонымен қатар киберқорлау фактісі бойынша қылмыскерге 10 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл төлеу міндеттеледі.
