Түркістан облысында 1 200 шақырымнан астам жол пайдалануға берілді

Түркістан облысында 1 200 шақырымнан астам жол пайдалануға берілді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін жақсы жолдар үлесін 95%-ке жеткізу керек екенін айтқан еді. Түркістан облысында бұл көрсеткішке жету үшін қарқынды жұмыс жүргізіліп келеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды облыстық маңызы бар жолдардың құрылыс барысын өзі аралап, мердігерлердің жұмысын тұрақты бақылауға алған. Облыс басшысының нақты тапсырмасы нәтижесінде құрылыс сапалы жүргізіліп, жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесі 92%-тен 93%-ке жетті.

Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары қайта бекітіліп, жаңадан құрылған облыс орталығында көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қолға алынған. Былтыр жалпы 676 нысан немесе 1586,4 шақырым жол мен көшелер қамтылды. Жыл қорытындысымен 632 нысан немесе 1282,8 шақырым жол пайдалануға берілді. Оның ішінде 326,1 шақырымы жалпы пайдаланымдағы облыстық және аудандық маңызы бар жол. Өткен жылдың қорытындысымен сапаны қамтамасыз ету бағытында мердігер, техникалық және авторлық қадағалаушы мекемелерге 170-ге жуық ескерту хат жолданып, 13 нысан бойынша жеті мердігер, бір техникалық қадағалаушы және бес жобалаушы мекемеге 24,3 мың теңгеге айыппұл салынды. Сонымен қатар сапасыз салынған 81 190 м2 жол жамылғысы бұзылып, қайта салынды, — делінген хабарламада.

жол жөндеу, ауыл
Фото: Түркістан облысының әкімдігі

Баспасөз қызметінің мәліметінше, қауіпсіз көлік қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында жалпы 3 102 дана жол белгісі орнатылған. 45 50 дана жаяу жүргіншілер жолағы, 3 053 шақырымқа жол таңбалары сызылған. Жаяу жүргіншілер мен жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін облыстық маңызы бар жолдарда 54 жерге сергек камералары, 37 жерге жасанды жол кедергісі орнатылған.