Атырау облысында күкірт тиелген вагондар жолдан шығып кетті

Атырау облысындағы Жылыой ауданында күкірт тиелген вагондар жолдан шығып кетті. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаменті хабарлады. 

Төтенше жағдай бүгін түнгі сағат 03.25-те «Құлсары» станциясына жақын жерде болған. «Теңізшевройл» компаниясына тиесілі тепловоздың жеті вагоны рельстен жартылай шығып кетті. Тепловозда жалпы саны 62 вагон болған.

Вагондарда күкірт тиелгені анықталды. Бірақ күкірт далаға төгілмеген. Зардап шеккендер жоқ, — делінген хабарламада. 

Вагондарды рельске қою үшін «Қазақстан темір жолы» компаниясының қалпына келтіру пойызы оқиға орнына барды.