Әскерлер тәртібін есепке алу жүйесі жаңартылады

Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті қылмыстық емес сипаттағы барлық әскери оқиғаларды орталықтандырылған есепке алу платформасын енгізу жұмыстарын жүргізуді қолға алды.

Бұл туралы бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Аталған комитеттің әскери департаменті есепке алу платформасын бас әскери прокуратурасы, қорғаныс министрлігі, мемлекеттік күзет қызметі, ҰҚК шекара қызметі және ұлттық ұланмен бірлесіп жүзеге асырмақшы.

Бұл қадамға әр ведомстваның мұндай деректерді өз бетінше жинақтауы негіз болды. Кейбір оқиғалар құқықтық есепте болмаған, сонымен қатар тиісті ақпаратты талдау тәртібінің бірыңғай тәсілі де болған жоқ, — делінген хабарламада.

Осыған байланысты, «Әскери ахуалдық-талдау орталығы» жобасы әзірленді. Онда қылмыстық құқық бұзушылық белгілері жоқ әскерлер мен әскери құрамалардағы барлық оқиғалар туралы мәліметтер цифрландырылып жинақталды.

Құқықтық есепке алуға жататын 124 оқиға түрі әзірленді. Бұл тізімге әскери қызметшілердің жарақат алуы, күзет қызметін атқару ережелерін, сонымен қатар жалпы әскери жарғылардың басқа да талаптарын бұзу сияқты оқиғалар енгізілген, — делінген хабарламада.

Бас прокуратураның мәліметінше, пилоттық режимде 2023 жылы және 2024 жылдың өткен кезеңінде 886 оқиға бойынша деректер базаға енгізілді. Олардың көп бөлігін әкімшілік құқық бұзушылықтар — 263, қызметке шықпау — 108, тәртіп пен киім үлгісін бұзу — 49 және басқа да құқық бұзушылықтар құрайды.

Бұл мәліметтер әскерлер тәртібінің жағдайы туралы ақпарат ретінде (қылмыстылықты қоспағанда) автоматты түрде қалыптастырылады, ол әскери қызметшілер арасындағы оқыс оқиғалар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын әзірлеу үшін қолданылады және күн сайын талданады, — делінген хабарламада.