14 ақпан — Бүкіләлемдік кітап сыйлау күні. Baribar.kz Steppe&World баспасымен бірге сыйлыққа беруге болатын үздік кітаптар тізімін жасады.
Балабақша жасындағы балаларға арналған әдебиет
“Жып-жылы құшақ” — Смрити Холлс пен Элиси Браун
Смрити Холлс пен Элиси Браунның осы кітабы балаларға қызық болары сөзсіз. Бұл — ана мен баланың қарым-қатынасын тереңдетуге көмектесетін кітап. Бұған қоса кітап жарқын суретке толы, сондықтан баланың таным көкжиегін кеңейту үшін де пайдасы зор.
«Бес аю» — Кэтрин Райнер
Бұл — достық туралы тамаша туынды. Баласымен бірге сапалы уақыт өткізгісі келетін ата-анаға осы кітапты оқуға кеңес береміз. Баласы бар құрдастарыңызға сыйлық іздесеңіз, осы кітап есіңізде болсын.
«Тамаша спорт» — Оле Көнекке
«Тамаша спорт» — баланың білім көкжиегін кеңейтетін кітап. Ішінде кішкентайдың зейінін арттыратын иллюстрациялар да, жүздеген спорт түрінің түсініктемесі де бар. Бұл — баланың спортқа бейімін байқау үшін, қызығушылығын арттыру үшін таптырмас шығарма.
Мектеп оқушыларына арналған әдебиет
«Тұмар» комикстар сериясы
«Балам кітап оқымайды» дейтін ата-анаға комикс сатып алуды ұсынар едік. Мысалы, «Тұмар» комикстар сериясы шытырман оқиғаға толы. Оған қоса суреттері де тамаша. Мұндай артықшылықтары бар туынды қазіргі мектеп оқушысының көңілін аудартатынына сенімдіміз. Сондықтан, кітап сыйлау күніне комикс те керемет сыйлық болмақ.
«Оксфорд» сериясының кітаптары
Ал баланың білімін арттырғысы келетін ата-анаға “Оксфорд» сериясының кітаптарын ұсынамыз. Бұл шығармаларда жасанды интеллект, ғалам мен энергияның сыры туралы қазіргі замандағы өзекті әрі қызық тақырыптар баяндалады. Мысалы, «Роботтар, смарт гаджеттер мен жасанды интеллект», «Ғаламның сыры», «Энергияның сыры» және «Микроағзалардың көрінбейтін әлемі» деген кітаптар — мектеп оқушысы үшін керемет сыйлық.
«Нарния шежіресі»
«Нарния шежіресі» — Нарния деген ғажайып әлеміне саяхаттаған төрт ағайынды туралы тамаша кітаптар сериясы. Әр оқушының «патша не патшайым» боламын деген арманын шындыққа айналдырған ертегі әлемі туралы жинақ. Бұл еңбек оқушыға қиялына ерік беруге, ойлау деңгейін жаңа деңгейге жеткізуге көмектеседі. «Нарния шежіресінің» жеті томы бар.
Жасөспірімдерге арналған әдебиет
«Елес» — Жейсон Рейнолдс
Касл Крэншоу деген жасөспірім бала әке қамқорлығын көрмей өсіп жатыр. Мектептегі балалар да оны мазақтың астына ала береді. Оның өзіне қойып алған лақап аты да бар — Елес. Бір күні іші наразылыққа толы балақайдың алдында асыл мұрат пайда болады. Ал мақсатқа апарар жолда қашанда сынақ пен кедергі көп. Елес сол сынақты еңсеріп, көксегеніне жете алар ма екен, әлде жеңіле ме — оқырман осы сұрақтың жауабын кітаптан таба алады.
«Перси Жәксон» — Рик Риордан
Перси Жәксон – 12 жасар бала, бірақ оны қарапайым деу қиын. Себебі сотқар боп көрінген баланың бір сыры бар. Перси – жартылай құдай. Оған өте үлкен жүк артылды. Грек құдайлары өзара соғысып, мына әлем үлкен апатқа ұшыраудың аз-ақ алдында тұр. Не Перси достарымен бірге бұл соғыстың алдын алады, не әлем соғыс өртіне оранады. Оқиға желісі осы шым-шытырық негізінде өрбиді.
«Ғажайып» — Ракель Паласио
Бұл — қазір кеңінен талқыланып жүрген эйблизм мен инклюзия сияқты ауыр сөздердің артында сезім мен құндылыққа толы адам барын еске салатын туынды. «Ғажайып» – 10 жастағы Оггидің оқиғасы. Ол басқа балалар сияқты кәдімгі істермен айналысады: балмұздақ жейді, доп тебеді. Бірақ оның түрі өзгелерге ұқсамайды. Себебі 10 жасар Оггидің бетіне 27 рет ота жасалған. Соның кесірінен ол 5-класқа дейін мектепке бара алмады. Бірақ Огги енді жаңа мектепке барады. Ал оны кластастары қалай қабылдайды? Дос таба ала ма? Кітап мейірімге сусап жүрген оқырманға арналған.
Ересектерге арналған әдебиет
«Махаббаттың қырық қағидасы» — Элиф Шафак
Элла Рубинштейн – орта жастағы америкалық әйел. Бірсыдырғы, көңілсіз өтіп жатқан өміріне күтпеген жерден жаңалық енеді. Оған нидерландтық жазушының махаббат романын өңдеу жайлы ұсыныс түседі. Сол шығарманы оқып жүріп, өзі шытырман махаббат оқиғасына шырмалады. Элла осыдан соң таңдау жасауға тиіс екенін түсінеді: не қазіргі сұрқай өміріне көндігеді, не махаббатын таңдап, бақытына қол созады. Дұрыс таңдау жасауына қолындағы кітаптан оқыған махаббат қағидалары көмектесе алар ма екен? Ол қандай қағида? Тізімді оқырман осы кітаптан таба алады.
Норвег Орманы — Харуки Мураками
Торю — Токиода университетте оқып жүрген жас жігіт. Ол сүйкімді, ойшыл Наоко деген қызды жақсы көреді. Тек екеуінің арасында біраз жыл бұрын қаза тапқан Кизукидің елесі тұр. Торю студенттер жатақханасындағы бұйығы тірлікке бейімделіп алған. Ал Наоко күйзеліске түсіп жүреді. Наоконың жүрегі дертіне көміле түскен сайын, Торю еркін де ерке Мидориді ұнатып қалады. «Норвег орманы» сол жастардың сезімін сипаттай отырып, оқырманды да махаббат естеліктері әлеміне жетелейді.
«Ким» — Рудярд Киплиң
“Жунгли кітабы” деген классикалық туындының авторы — Рудярд Киплиң. Бұл шығарма Үндістанда туып-өскен, тегі ирландиялық Ким деген жеткіншектің өмірі жайлы. Алғыр, аздап бұзықтау Ким тибеттік гурумен бірге қасиетті өзенді іздеп жолға шығады. Оның бұл сапары шытырман оқиғаға толы. Оқырман кейіпкерлермен бірге қызық әрі кедергісі көп саяхаттың куәгері болады.
Тест: Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін қаншалық жақсы білесіз?