«ITeachMe құзіретті дамыту орталығы» қоғамдық қоры директоры Захира Бегалиевамен сөйлестік. Қор мүгедектігі бар адамдарды қолдап, олардың жұмысқа тұруына, қоғам өміріне белсене араласуына көмектеседі. Маман эйблизм туралы айтып берді. 

Эйблизмнен не үшін арылу керек?

Захира Бегалиева қанша жерден абай болған күннің өзінде эйблизм адаммен бірге жасап келе жатқанын айтады. Бұл қоғамда алауыздық пен мүгедектігі бар адамдарды алалауды өршіте түседі дейді.

Көпшілік кей сөздің мағынасын жете түсіне бермейді. Сондықтан адамдар біле тұра біреудің намысына тиеді деу қиын. Қоғам үшін кейбір сөз бен сленг үйреншікті боп кеткені сонша, кейде оның белгілі бір топқа кері әсер ететінін түсінбейді. Әуежайда әдетте “арбаға отырыңыз” деп жатады. Ал арба — әуелден-ақ жүк тасу құралы. Осы сәтте де мүгедектігі бар адам өзін адамдар үшін жүк, ауыртпалық деп біледі. 

«Арба» деген сөзді алмастыру керек деп ойлаймын. Болмай бара жатса, әуежай қызметкерлерінің «Сізге қалай көмектесейін?» деп сұрағаны жеткілікті. Бірден «арбаға отырыңыз» демеу керек. Әрине, олар мұны ренжітейін, кемсітейін деп айтпайды, мен мұны білместікке балаймын.

Кейде әуежайда көзі нашар көретіндерге «Ешқайда кетіп қалмай осында тұрыңыз. Қазір қайтып келемін» дейді. Ол қайда кетуі мүмкін? Көзі көрмейтінін еске салудың керегі не?

Захира Оңғарбаева
Захира Бегалиева. Фото жеке архивінен

Ең қарапайым мысал — «мүмкіндігі шектеулі жан» деп жүргендер әлі көп. «Мүгедектігі бар тұлғалар, адамдар» деу керек. Біз  — қоғамның бір бөлігі, тұлғамыз. «Жан» деп қоғам мүгедектігі бар адамдарды әлсіз етіп көрсетіп, оларды бір елеске теңейтіндей әсер қалдырады. Тағы бір жиі кездесетін жайт бар. Көпшілік жиында «өзіміз болсақ, істей береміз ғой, ал мүгедектігі бар адамдар келсе, олар үшін бәрін басқаша ойластыру керек қой» деп жатады. Біз автоматты түрде “өзімізге” кірмей, шеттетіліп қаламыз. «Өзіміз» дегендер — сау адамдар, ал біз бөлек қоғам, тап сияқтымыз. Мұндай кезде “өзіміздің” орнына «мүгедектігі бар және мүгедектігі жоқ адамдар» дегенді қолданған дұрыс. 

Захира Бегалиева бала жастан мүгедектігі бар адам жайлы дұрыс түсінік қалыптаспағандықтан, көп адам оларды автоматты түрде аяп тұратынын айтады. Маман мұндай көзқарастан арылған жөн дейді.

Жұрт мүгедектігі бар адамды мүсіркеп, аяныш білдіргенді міндет санайтындай. Ақсап жүргеніңді көріп, “Ойбу, бейшара-ай, аяғың ауырады екен” деп қамқор болады. Бірақ бұл тек кері әсер етеді. Аяқ ақсап, ауыратыны рас шығар. Дегенмен бұл мүгедектігі бар адам мүсәпір, бейшара дегенді білдірмейді. Аяқ қанша жерден ауырғанымен, мүгедектігі жоқ адамнан қаржы, әлеуметтік статус жағынан жағдайы жақсы болуы мүмкін. Бірақ біздің қоғамда мүгедектік алға шығып кете береді.

мүгедектігі бар адам, оңалту орталығы
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Әлі күнге «арбаға таңылғандар», «арбадағылар» дейді. Орындықта отырғандарды «орындыққа таңылғандар», «орындықтағылар» деп жалпылай атамаймыз ғой. Аңдамай айтылған әр сөз мүгедектігі бар адамдарды қоғамнан күн сайын алыстатып жатыр. Жұрт әуелі адамның арбасын, құлақ аппаратын, балдағын, протезін көреді. Олай болмауы керек. Затты емес, оны қолданатын адамды көре білуіміз қажет.

Эйблизм не үшін тарап кетті?

Бала алғаш эйблизмді үйінде көреді екен. Маман балаға ұрысқан кезде түрлі диагнозды кемсіту мәнінде қолдану эйблизмнің асқынған түрі дейді.

Ата-ана үйде баласын бір зат әкелуге жұмсады делік. Бала таппай келсе, “Соны да көрмедің бе, көзің соқыр ма?” деуі мүмкін. Естімей жатса, “Құлағың керең бе?” деп ұрысады. “Жынды” деген де осы тізімде бар. Бала достарымен сөзге келіп қалса, осылай келемеждеп шығады. Ал бұл сөздер біреудің диагнозы ғой. Бір-бірін “даун”, “шизофреник”, “семіз” «төрткөз» деп мазақтайды. Ол сөздің мағынасын да білмейді. Тек ойында түсініксіз ассоциация бар. Осылайша балада жастайынан “диагнозы бар адамдар қауіпті болуы мүмкін», “біздің ортаның адамы емес”, «олардан алыс жүру керек» деген ой қалыптасып, стереотип жайыла түседі. 

Бала достарының мазағынан қашып көзі ауырса да, көзілдірік тақпай қоюы мүмкін. «Семіз» деген атақтан қорқып, тамақ ішпей қоятын балалар да бар. Жай айтылған сөз осылайша баланың дене жағдайына кері әсер етеді.

Проблеманы қалай шешеміз?

10 жыл бұрын өзім де эйблизмге, адамдардың аңдамай сөйлейтініне тоқтау салғым келді. Қате сөйлегендердің бәріне түсіндіргім келіп, сөз таластырып та қалатынмын. Уақыт өте бизнес-серіктестің, жора-жолдас қатары сирей бастағанын байқадым. Түсіндіру әдісім дұрыс болмаған екен. Олар мені ренжітіп алмайық деп қарым-қатынасты үзгенді жөн көріпті. Бұлай кете берсем, қоғамнан ажырап қалатындай екенмін.

Сондықтан эйблизммен күресер болсақ, мұны барынша адекват жолмен жүргізу керек. Көбірек айтып, арнайы видеонұсқау түсіріп, әлеуметтік желіде көптеп тарату керек. 

Эйблизм санамызға сіңіп қалғаны сонша, проблема бүгін-ертең шешіледі деу қиын. Ересектер арасында айтылып, түсіндірілуі қажет. Бірақ басты назарды балабақша мен мектептерге аударған жөн. Мысалы, неміс әліппесінде “К” әрпіне (киндерваген — ред.) мүгедектер арбасын қолданатын адамның суреті берілген. Осылайша бүлдіршін қоғамның мұндай өкілі де бар екенін және оларды дұрыс атай білу керек екенін біліп өседі. Ол бала өсіп, келесі ұрпақты тәрбиелейді. Бұл — тым ұзақ, бірақ түбі нәтижелі болатын күрес.

мүгедектігі бар адам
Фото: Айшолпан Керім

Захира Бегалиева эйблизмді болдырмас үшін әр адам сөздік қорын бір сараптап шықса дейді.

Сөздік қорды бір талдап шығып, біреуді кемсітуші сөздер болса, оны алмастыруға әрекет ету керек. Бұл — қоғам өмірін жақсартуға жасалған амал — дейді ол. 

Маман бірдеңе демес бұрын нені меңзеп тұрғанды ойлану керек екенін айтады. Тіркес мәніне үңілуге шақырады.