Полиция қызметкерлері бір аптаның ішінде 144 келіге жуық әр түрлі есірткі заттарын тәркілеген. Бұл туралы ішкі істер министрлігі есірткіге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов ведомствода өткен брифиңде айтты.
«Тосқауыл» операциясы кезінде төрт есірткі зертханасы жойылды. Полицейлер 13 кг «мефедрон» синтетикалық препаратын, сонымен қатар оларды өндіруге арналған реакторлар мен түрлі жабдықтарды тәркіледі. Заңсыз айналымнан 144 келіге жуық әр түрлі есірткі заттарын тапты. Оның ішінде 30 кг синтетика, 110 кг марихуана, 3 кг гашиш және 800 грамм трамадол бар, — деді Бақытжан Әмірханов.
Сонымен қатар спикер есірткімен күрес жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.
Есірткіге қарсы іс-шараларға ішкі істер органдары мен ұлттық ұланның жеке құрамы, әкімдіктердің қызметкерлері, денсаулық сақтау және білім беру саласының өкілдері, жастар саясатының жетекшілері, үкіметтік емес сектор және еріктілер жұмылдырылды, — деді ол.