Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке аудиторлардың қызметін реттеуді тапсырды

Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасын қайта пысықтауды тапсырды.

Мемлекеттік сатып алу, мемлекет пен жекеменшік серіктестігі, құрылыс саласын реттеу жүйесін реформалау қажет. Бұл жұмыс инвестиция тарту және бюджет қаражатын тиімді пайдалану ісіндегі реформалармен барынша үйлесіп, оны толықтыра түсуге тиіс. Қазір мәжілісте мемлекеттік сатып алу туралы заң жобасы қаралып жатыр. Бұл құжатты пысықтап, жетілдіру қажет. Парламент депутаттарынан осыған ерекше мән беруді сұраймын. Ең алдымен, аудиторлардың қызметін реттеу керек, — деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл орайда әркімнің заң нормаларын өз қалауына қарай икемдеп, түсіндіруіне жол берілмеуі керектігін атап өтті.

Бұл – тауар, жұмыс және қызмет ұсынушыларға қойылатын талаптарға да қатысты мәселе. Олардың белгіленген мерзімді бұзғаны және жұмысты сапасыз орындағаны үшін жауапкершілігін күшейту қажет. Мұның, әсіресе, құрылыс саласы үшін маңызы зор. Мемлекеттік сатып алу туралы жаңа заң ЕРС шарттарын қолдана отырып, инфрақұрылым жобаларын толық жүзеге асыруға мүмкіндік беруге тиіс. Бұл ретте ЕРС шарттарын жасауға дайындық шараларының мерзімі қысқа болуға тиіс. Сонда әкімдіктер басымдық берілген әрі шұғыл жүзеге асырылуға тиіс жобаларды тездетеді, — деді мемлекет басшысы.