Үкімет шағын бизнеске 900 миллиард теңге көлемінде көмек береді

Үкімет биыл шағын және орта бизнестің банктік кредитін 900 миллиард теңгеден астам сомаға субсидиялап, кепілдендіреді. Бұл туралы премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет қабылдаған шаралардың арқасында шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 10%-ке артып, 4,3 миллион адамға жетті.

Бұл еліміздегі еңбекке қабілетті азаматтарының 45%-і. Өткен жылдың тоғыз айында Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 36,5%-ке дейін өсті, — делінген хабарламада.

Бизнес жүргізу шарттары айтарлықтай жеңілдетілді. Мысалы, 10 мыңнан астам артық талап алынып тасталды. Тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру нәтижесінде 1 қаңтардан бастап адам қатысуынсыз тексерулер тағайындалып жатыр. Бұл шара тексерулер санын екі есе азайтады.

Сонымен қатар мемлекет бизнесті қаржылай қолдау шараларын жүзеге асырып жатыр. Атап айтқанда, биыл 900 миллиард теңгеден астам сомаға ШОБ-тың банктік несиелерін субсидиялау және кепілдендіру жоспарланып отыр.

Субсидиялаудан кепілдік беру құралдарына және өзге де қаржылық емес қолдау шараларына біртіндеп көшу көзделеді, — делінген хабарламада. 

Одан бөлек облигациялар мен бірлестірілген несиелер арқылы қаржыландыру құралдары кеңінен қолданылады.

Әкімшілендірудің сервистік моделін енгізуді көздейтін жаңа салық кодексі бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Нәтижесінде салық міндеттемелерін орындау процесі айтарлықтай жеңілдемек. Жалпы салықтар мен басқа да төлемдер саны 20%-ке, ал салық есебі нысандарының саны 30%-ке қысқарады. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар үш жылға салық төлеуден босатылады.