Өткен жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы 5,1%-ке өсті. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Негізгі саланың барлығы оң динамика көрсетті: құрылыста – 13,3%, саудада – 11,3%, ақпарат және байланыс қызметтері – 7,1%, көлік қызметі – 6,9%, өнеркәсіп – 4,3%.
Негізгі капиталға салынған инвестиция 13,7%-ке өсті. Бұл ретте 2023 жылдың тоғыз айында тікелей шетелдік инвестиция көлемі $19,7 миллиард болды. Оның ішінде $11 миллиардтан астамы шикізаттық емес секторларға бағытталған, — деп жазылған хабарламада.
Жалпы екі жыл қатарынан тікелей шетелдік инвестиция көрсеткіштері кейінгі 10 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің біріне айналды – олардың жылдық көлемі $26-28 миллиард деңгейінде. Қазақстан ТМД елдері арасында шетелдік инвестиция тарту бойынша көш бастап тұр.
2023 жылдың 11 айында сыртқы сауда айналымы 2,2%-ке өсіп, $126 миллиард болды. Оң сауда балансы $16 миллиардтан асты. Шикізаттық емес экспорт номенклатурасы 141 позицияға өсті. Еліміздің халықаралық резервтері $96 миллиард болды, оның ішінде ұлттық қордың активтері $4 миллиардқа өсіп, $60 миллиардтан асты. Халықаралық рейтиңдік агенттіктер Қазақстан экономикасының тәуелсіз рейтиңі мен инвестициялық сенімділігін растады, — делінген хабарламада.
Үкімет ұлттық банкпен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі кешенді шараларды іске асырып жатыр. Нәтижесінде өткен жылы ол екі еседен астам төмендеп, 9,8% болды. 2024 жылы инфляцияны 6-8% деңгейінде ұстау міндеті қойылды.
2024 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсуі 5,3%-тен кем болмауға тиіс, — делінген хабарламада.
Үкімет экономиканы белсенді әртараптандыру, кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту және азаматтардың әл-ауқатын едәуір жақсарту бағытында жұмыс істеп жатыр. Мұның бәрі 2029 жылға қарай ЖІӨ-ні екі есеге арттыруға берік негіз болады.