Қазақстанның ТМД елдеріне экспорт көлемі 27%-ке артты

Былтыр еліміздің ТМД елдеріне экспорт көлемі 3 миллиард долларға жетіп, 27%-ке артты. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді.

Ауыл шаруашылығы өндірісін жеделдетіп әртараптандыруға, агротехнологияларды, оның ішінде суды үнемдейтін технологияларды енгізуді ынталандыруға баса назар аударамыз. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту керек, мал шаруашылығында генетикалық әлеуетін арттыру қажет. Бүгінде экспорт нарығын кеңейту бағытында іс-шаралар қабылданып жатыр, — деді Айдарбек Сапаров.

Министрдің айтуынша, Қазақстан үшін ТМД елдері ең ірі сауда серіктесі.

2022 жылы ТМД елдерімен Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің жалпы тауар айналымы 23%-ке ұлғайып, 6,5 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені өнімдерінің жалпы тауар айналымының 60%-і. Былтыр еліміздің ТМД елдеріне экспорт көлемі 3 миллиард АҚШ долларына жетіп, 27%-ке артты. Бұл республиканың агроөнеркәсіптік кешені экспортының 56%-іне тең. Одан бөлек, Қазақстан ТМД елдерінен 3,5 миллиард долларға агроөнеркәсіптік кешен өнімдерін сатып алды, — деді министр.