Ерболат Досаев: Алматыда жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр

Алматы әкімі Ерболат Досаев жұмыс кеңесін өткізді. Жиында 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымының барысы қаралды. 

Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады. 

Энергетика және сумен жабдықтау, коммуналдық инфрақұрылымды дамыту, білім басқармаларының басшылары, сонымен қатар «Алматы жылу желілері» ЖШС, «АлматыЖылуКоммунЭнерго» ЖШС, «Алматы Су» МКК, «Алматы электр станциялары» АҚ, «Алатау Жарық компаниясы» АҚ және «ҚазТрансГазАймақ» АҚ басшылары жылыту маусымының ағымдағы өтуі туралы баяндады. Алматыны жылумен жабдықтау ЖЭО-1,2, «АлЭС» АҚ БЖК (65%) және «АТКЭ» ЖШС-нің 84 жергілікті қазандығы (35%) есебінен қамтамасыз етіледі.

Бүгінгі таңда қалада барлық әлеуметтік нысандар мен көппәтерлі тұрғын үйлер (КТҮ – 8 863, білім беру объектілері – 404, денсаулық сақтау объектілері — 128) үздіксіз жылумен қамтамасыз етілген. Жылу көздерінде және жылу желілерінде температуралық режим бекітілген кестеге сәйкес сақталады. Әкімге жылу беру маусымы кезінде қала қызметтерінің жоғары дайындық режимінде жұмыс істейтіні баяндалды. Штаттан тыс жағдайларды уақтылы жою үшін барлық қажет құрылғылармен жабдықталған апатты жою бригадалары жұмыс істейді. Бұл іске барлығы 400-ге жуық адам, 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылған, — делінген хабарламада. 

Мегаполис басшысы инфрақұрылымның тозуын азайтуға бағытталған инвестициялық бағдарламаны іске асыруға баса назар аударды. Алматы қаласы бойынша жылу желілерінің жалпы тозуы 59,2% болды, 2023 жылы жүргізіліп жатқан шаралар жоспарланған 0,6% орнына тозуды 1,3%-ке қысқартуға мүмкіндік берді. Осылайша, биыл 25 жылдан астам уақыт пайдаланылып, тозған желілердің ұзындығы 802,6 км немесе желілердің барлық ұзындығының 57,9% болды.   

Биыл жалпы ұзындығы 20 км жылу желілерін реконструкциялау бойынша жұмыстар жүргізу жоспарланып жатыр, бұл жылу желілерінің тозуын 1,8%-ке төмендетуге мүмкіндік береді.

Кеңестің қорытындысы бойынша қала әкімі Ерболат Досаев жылу беру маусымын тұрақты әрі үздіксіз өткізу қала үшін стратегиялық маңызды міндет екенін атап өтті. Жылыту маусымы әлі жалғасуда, сондықтан қалалық қызметтерге қала тұрғындарын тұрақты және үздіксіз жылумен қамтамасыз ету мәселесін бақылауда ұстау тапсырылды.