Сирияда соғысқан қазақстандық елге жеткізілді

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сирияда соғысқан қазақстандықты елге жеткізді. Бұл туралы комитеттің баспасөз қызметі хабарлады. 

27 қаңтарда халықаралық террористік ұйымның әрекетіне қатысы болуы мүмкін күдікті 22 жастағы қазақстандық Ыстамбұлдан Алматыға депортацияланды, — делінген хабарламада. 

Тергеу материалдары бойынша, Түркістан облысының тумасы 2020 жылы Сирияға кетіп, қаруланған топтардың бірінің құрамына кірген.

ҰҚК күдіктіні ұстау және отанына беру операциясын түркиялық серіктестерімен бірлесіп, сонымен қатар Қазақстан бас прокуратурасы және ішкі істер министрлігінің қолдауымен ұйымдастырды.

Қылмыстық кодекстің 257-бабына сәйкес террористік әрекетке қатысу фактісі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Жас жігіт сот санкциясымен қамауға алынды. Қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.