Алматыда үш күнде 2 мыңға жуық жер дүмпуі тіркелді

Сейсмикалық зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының мамандары үш күн ішінде Алматы маңында 2 мыңға жуық жер дүмпуін тіркеді.

Ұлттық сейсмологиялық бақылау және зерттеулер ғылыми орталығының сейсмологиялық обсерватория басшысы Жансая Досымбекованың айтуынша, осыдан үш күн бұрын Қытай мен Қырғызстан шекарасында болған жер сілкінісінен кейін елде әлсін-әлсін жер дүмпуі әлі жалғасып жатыр.

Қазіргі таңда 2 мыңға жуық әлсіз жер сілкіністері тіркелді. Оның 10-ын алматылықтар сезінді. Жер дүмпуі 2-3 балл деңгейінде болды. Соңғысы түнгі сағат 02:01 шамасында тіркелді, — дейді маман.

Спикердің айтуынша, бұл дүмпулер қауіп төндірмейді.

Себебі мұндай жер сілкінісінен кейін әлсіз дүмпулер міндетті түрде болып тұрады. Ол жылдар бойы созылуы мүмкін. Сондықтан тұрғындарға қорқуыға негіз жоқ, — деді ол.