Павлодар облысында Ленин кенті көпшіліктің қалауымен «Атамекен» болып өзгерді. Бұл туралы Павлодар әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінде кентте 10 мыңнан аса халық тұрады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 22 қаңтарда өзгерту туралы қаулы күшіне енген.
Былтыр қарашада ауыл атын өзгерту мәселесі облыстық ономастикалық комиссия отырысында талқыланып, былтырғы желтоқсанның аяғында облыстық мәслихат депутаттары ауылдың жаңа атауын бірауыздан қолдаған болатын. Содан кейін құжат тіркеуге жіберілген.
Кейінгі 10 жылда атауды өзгерту мәселесі кезең-кезеңімен көтеріліп жатыр. Жергілікті тұрғындар былтыр сәуірде жаңа атауды таңдаған. Жергілікті қоғамдастық жиналысында бірнеше нұсқа ұсынылған, оның ішінде — Қазанғап би нұсқасы бар. Сол кезде 49 адам «Атамекен» атауына дауыс берген. Бұл көпшіліктің басым бөлігі, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, Атамекен ауылында қазақстандық танымал рэп орындаушысы Әділ Жәлелов (Скриптонит) дүниеге келген. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, атақты музыканттың ата-анасы әлі де осы ауылда тұрады.