2024 жылғы егіс науқанына жеңілдікпен несие беруді қаржыландыру басталды. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Министрлік көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын ерте қаржыландыру үшін жұмысты бастады.
Бюджеттік кредит шеңберінде 15 миллиард теңге мөлшеріндегі бірінші транш бағдарлама операторы – «Аграрлық несие корпорация» АҚ-ға жіберілді. Жалпы алғанда, 2024 жылы көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жеңілдетілген кредит беру үшін 140 миллиард теңге көлемінде бюджет қаражаты қарастырылған, бұл кем дегенде 2 миллион гектар алқапқа егуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Қарыз алушы – агроөнеркәсіптік кешен субъектісіне теңгемен жылдық 5%-тен аспайтын мөлшерлемемен несие ала алады. Несие 2025 жылғы 1 наурызға дейін беріледі.
Негізгі сома мен сыйақының 50%-ін өтеумен – 2024 жылғы 1 желтоқсан, қалған 50%-і 2025 жылғы 1 наурызға дейін жалғасады. Соның арқасында диқандар келер жылдың 1 наурызына дейін егін егу науқанын жеңіл өткеріп, барынша пайда алады. Берешекті өтеудің түпкілікті кестелері шаруалардың қарыз шарттарын жасасу кезінде жеке тәртіппен қалыптастырылады, — деді министрлік.
Жеңілдікті қарыздарды тікелей беру өңірлерде екінші деңгейдегі банктер, кредиттік серіктестіктер, микроқаржы ұйымдары және өңірлік инвестициялық орталықтар арқылы жүргізіледі.
Өтінімді қабылдау 2023 жылғы желтоқсанда басталды. Бүгінгі таңда өңірлердегі фермерлерден 20,3 миллиард теңгеге 458 өтінім түскен. Оның ішінде 9,4 миллиард теңгеге 200-ден астам өтінім мақұлданды. Ал былтыр 3,5 миллион гектар егіс алқаптары үшін 3 796 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге кредит берілді.
Былтырғы ауыл шаруашылығы маусымының қолайсыз ауа райы жағдайларынан болған фермерлердің қарыздарын ұзарту үшін жұмыстар жалғасып жатыр.
2024 жылғы 19 қаңтарда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мен «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ға ауыл шаруашылық өнімдерін өндірушілер қарыздарын ұзарту туралы 51,2 миллиард теңге сомасына 1 145 өтініш түсті, оның ішінде 46,1 миллиард теңгеге 1 061 өтінім ұзартуға мақұлданды. Ал 5,1 миллиард теңге сомасына тағы 84 өтінім қаралып жатыр, — делінген хабарламада.