Қазақстандық спортшы жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы атанды

Шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан командасының мүшесі Илья Мизерных Канвондағы жасөспірімдер олимпиадасының чемпионы атанды. Бұл туралы Olympic.kz жазды.
Алғашқы мүмкіндіктен соң Илья Мизерных үшінші орынды сақтап қалды. Ал екінші мүмкіндікте нәтижесін жақсартып, кейін бірінші орынға шықты.
Екінші орында – аустриялық Никки Хамл, үшінші орында – польшалық Лукас Лукащук.
Илья Мизерныхты президент Қасым Жомарт-Тоқаев құттықтады. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook парақшасында жазды.
Мемлекет басшысы чемпионның әлі де талай жеңіс тұғырынан көрініп, биіктерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді. Сонымен қатар Канвондағы додаға қатысып жатқан отандық споршыларға табыс тіледі, — делінген Уәлидің жазбасында.
Айта кетейік, Қазақстан бұған дейін жасөспірімдер қысқы Олимпиадасында алтын медаль алмаған.
Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясында 2024 жылғы қысқы IV жасөспірімдер Олимпиадасы өтіп жатыр. Ол 2024 жылғы 19 қаңтар мен 1 ақпан аралығында өтеді. Қысқы ойындарға 78 елден келген 1900-ге жуық спортшы қатысады. Канвон ареналарында Қазақстан намысын спорттың бес түрі бойынша (9 дисциплина) 41 спортшы қорғайды.