Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрының ашылғанына 90 жыл болды. Мерейтойда Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамиди жазған “Абай” операсы қойылды.
Театрдың 90 жылдық мерейтойына көп адам жиналған. Олардың қатарында қазақстандықтар да, шетел азаматтары да бар. КСРО халық әртісі, қазақ әншісі Бибігүл Төлегенова да ұжымды құттықтап келді.
Ең әуелі сахна шымылдығын Абай атындағы балет және опера театрының басшысы Нұрбақыт Бөкебаев ашты.
Ұлттық опера мен балет өнерінің көшбасы, бекзат өнердің қара шаңырағы Абай атындағы Қазақ ұлттық академиялық опера және балет театрына 90 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде театр небір жайсаң, тума таланттарды қанаттандырып, театр тарихында аттары алтын әріппен жазылған сахна саңлақтарын тәрбиелеп шығарды. Еліміздің мәдени, рухани, көркемдік тұрғыда жедел өркендеуіне театр ұжымының қосқан үлесін халық қашан да жоғары бағалаған. Оған алғысымыз шексіз, — деді театр басшысы.
Кейін жиылған қауым “Абай” операсын тамашалады. Бұл – театрдың тарихында ерекше орын алатын қойылым. Ол алғаш 1944 жылы қойылған.
Бұл театрға жиі келіп тұрамын. “Абай” операсын да бірнеше рет тамашалағанмын. Сюжетін жаттап алдық, десе де актерлардың даусын тыңдай бергіміз келеді. Сол себепті қайта-қайта келеміз, – дейді көрерменнің бірі.
Бүгінде қойылымда Абайдың рөлін Қазақстанның халық әртісі Талғат Күзембаев, Ажардың рөлін Венера Алпысбаева, Айдары Тахауи Рахметов, Жиренше шешенді Алекстандр Сметанин, Әзімді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткеткері Болат Букенов сомдады. Бас дирижер — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбосынов.