Астана әуежайында ауа райына байланысты рейстер кешігуі мүмкін

Астана халықаралық әуежайындағы метеожағдай ұшу үшін қолайсыз. Бұл туралы елордалық әуе айлағының баспасөз қызметі хабарлады.

Сағат 20.00-ге дейін (Астана уақыты бойынша) желдің жылдамдығы 22 м/с-дан 27 м/с дейін жетуі ықтимал. Мұндай ауа райында әуе рейстері тоқтатылуы немесе кешіктірілуі мүмкін. Әуе айлағында қызметкерлер қолайсыз ауа райына қарамастан жұмыс істеп жатыр. Қазір әуежайдың әуе айлағында қалың қар жауған, желдің жылдамдығы – 10 м/с, алайда желдің екпіні 15м/с-қа дейін жетіп тұр, — делінген хабарламада.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін елорда әуежайында 75 рейс жоспарланған. Жеті рейс әуе компанияларының техникалық себептеріне байланысты кешіктіріліп жатыр. Ал ауа райының қолайсыздығына байланысты рейстердің кешігуі немесе кейінге қалдырылуы туралы ақпарат тіркелген жоқ.

Әуе айлақты қалың қардан тазалау жұмыстары үздіксіз жүріп жатыр.

Қазір бұл жұмысқа 10 арнайы техника жұмылдырылған, — делінген хабарламада.

Рейстер туралы ақпаратты Астана халықаралық әуежайының ресми сайтынан nn-airport.kz қарауға немесе +7 (7172)702-999 нөмірі бойынша анықтама қызметінен білуге болады.