Жапонияда жер сілкінісінен қаза болғандар саны 128-ге жетті

Жапонияның Исикава префектурасында Ното түбегіндегі жер сілкінісінен қаза болғандар саны 128-ге дейін өсті. 

Бұл туралы РИА Новости хабарлады.

560 адам жараланып, тағы 222 адам хабар-ошарсыз кетті. 2024 жылғы 1 қаңтарда Жапонияның батыс жағалауындағы Исикава префектурасының Ното түбегінде бірнеше ірі жер сілкінісі болды, олардың ең күштісі 7,6 балл, — делінген хабарламада. 

Жер сілкінісі елдің бүкіл батыс жағалауында цунами қаупін төндірді. 2011 жылдан бері алғаш рет үлкен цунами қаупі жарияланды. Ал жағалаудағы бірқатар жерде цунамидің биіктігі 4,2 метрге жетті.

Кеше жер сілкінісінен 124 сағат өткен соң, осы аймақтағы Сузу қаласындағы қирандылар астынан 90 жастағы әйел аман-есен табылды. 1 370-тен астам үй ішінара немесе толығымен қирады. Исикава префектурасында 66 мың үй жарықсыз, 23,9 мыңнан астам үй сусыз қалды. 357 эвакуациялық пункт ашылды, эвакуацияланғандар саны 30,7 мыңнан асады. Зілзала орнында өзін-өзі қорғау күштерінің 5 400 қызметкері жұмыс істейді, — делінген хабарламада.