Қуанышбек Есекеев: «2024 жылы еліміздің үш қаласында 5G жоғары жылдамдықтағы интернет болады»

Киберспорт федерациясының басшысы, дзюдо федерациясының басшысы, «Казахтелеком» басшысы Қуанышбек Есекеев Jibek Joly телеарнасындағы «Жаңа Түнгі студия» бағдарламасында қонақ болды. Ол 2024 жылдың соңына дейін үш қалада 5G жоғары жылдамдықтағы интернет болатынын айтты.

Алматы мен Астананың көп бөлігінде 5G жоғары жылдамдықтағы интернет жыл соңына дейін іске қосылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай екі жыл ішінде еліміздің ірі қалаларында жоғары жылдамдықтағы интернет болуын қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек етіп келеміз. Ал интернеттің өзге аймақтарда да қолжетімді болуы бойынша және халыққа сапалы қызмет көрсету бағытында бірқатар жетістіктеріміз бар. Өкінішке қарай, таулы аймақ болғандықтан Шығыс Қазақстанда интернет жылдамдығы нашарлау, ал халық көп шоғырланған мекен Түркістан облысында мобайл интернетті белсенді түрде қолданады. Болашақта әр өңірді жылдам интернетпен қамтамасыз етуге ниеттіміз, — деді Қуанышбек Бақытбекұлы.

Ол интернет қолданушыларының көбейгенін де айтты. Оған себеп — пандемия кезіндегі қызметкерлердің қашықтан қызмет етуі мен оқушылар мен студенттердің онлайн түрде білім алуы. Дәл сол сәтте 200 мыңға жуық абонент интернет қызметіне қосылған. Сондай-ақ, қазіргі таңда интернет арқылы ойын-сауық бағдарламаларына қосылып, фильмдер мен сериалдарды көретін қолданушылар көбейген. Қазақстандық қолданушылар «Қазақтелеком» ұсынған «TV+» қызметін жиі пайдаланып, онлайн-кинотеатр арқылы отандық кинотуындыларды тамашалап келеді.

Қуанышбек Есекеев киберспорт федерациясының басшысы болғандықтан, бағдарламада осы саладағы жақсы жаңалықтарды да айтты.

Киберспорт федерациясы бес жыл бұрын құрылғанымен, аз уақыт ішінде биік белестерді бағындырып, әлемдік деңгейге шықты. Қазақстан құрамасында еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мықты спортшылар бар. Әлем чемпионатында дәл қазір екі команда ел намысын қорғап жатыр, — деді ол.

Қуанышбек Есекеев өзі де бос уақытында компьютер ойындарын ойнап қоятынын жасырмады. Бала кезден спортпен шұғылданған ол бүгінде ҚР дзюдо федерациясының басшысы қызметін де атқарып келеді.

Бір қуантатын жайт, жас өрендердің арасында мықты спортшылар бар. Дзюдо спорты бойынша келесі жылы Париж қаласында өтетін Олимпиадаға дайындалып жатыр. Біздің қызметкерлеріміз де спортқа қызығушылық танытып, жұмыстан тыс уақытта спортпен шұғылданып келеді, — деді федерация басшысы.

Әзіл-шыны аралас, көңілді форматта өткен «Жаңа Түнгі студия» бағдардамасында Қуанышбек Есекеев жүргізушілердің сұрақтарына жауап беріп, өмір жолында болған қызық оқиғаларын айтып берді.