Батыс Қазақстанда балаларға арналған президенттік шырша мерекесі өтті

Бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімі Нариман Төреғалиевтің қатысуымен облыстың әр аумақтарынан келген бүлдіршіндерге арналған президенттік шырша мерекесі өтті.

Жаңажылдық мерекеге облыстың әр өңірінен оқу озаттары, аз қамтылған отбасындағы бүлдіршіндер мен мүгедек балалар, көпбалалы жанұядан шыққан жасөспірімдер қатысты. Аталған іс-шараға жалпы саны 200 бала қатысты.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев балаларды Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы баланың күлкісі мен бақытынан артық ештеңе жоқ екенін, сендер секілді жас Қазақстан азаматтарын жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Балалар мен жасөспірімдер үшін жайлы балабақшалар, заманауи мектептер салып, инновациялық орталықтар, оқушылар сарайлары және спорт кешендері ашылып жатыр. Алдағы уақытта да көптеген жаңа жоба қолға алынады. Әрбір баланың талабын ұштап, дарынын ашуды көздейтін түрлі іс-шаралар жалғасын табады, — деді облыс басшысы.

Бұдан кейін облыс әкімі Қазақстан Республикасы президентінің атынан балаларға сыйлықтар табыстады.

Облыстың әр өңірінен жиналған оқушылар мен жасөспірімдерге театрландырылған қойылымдар, цирк өнерпаздарының бағдарламалары мен хореографиялық композициялар көрсетіліп, соңынан бүлдіршіндер облыс әкімімен естелік суретке түсті.