Алматыда дизельмен жүретін автобус сатып алуға тыйым салынады

Алматыда дизельмен жүретін автобус сатып алуға тыйым салынуы мүмкін. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев айтты.

Биыл қаланың автобус паркі 1 150 экологиялық таза автобусқа жаңартылды. 2024 жылдан бастап жеке тасымалдаушылардың дизельмен жүретін автобустарды сатып алуына тыйым салу жоспарланып жатыр, – деді Ерболат Досаев орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифиңде.

Сонымен бірге мегаполис әкімі кейінгі 11 жылда алғаш рет 100 троллейбус сатып алынғанын айтып өтті. 2024 жылы тағы 100 данасын сатып алу жоспарланған. Бұл троллейбус паркін 100% жаңартуға мүмкіндік береді.

Алматыда метро белсенді дамып келеді. Биыл қосымша үш жылжымалы құрам іске қосылды. Қозғалыс интервалы 5 минут 38 секундқа дейін азайды. Нәтижесінде метродағы жолаушылар легі 100 мың адамға дейін көбейді. Жалпы 2023 жыл қорытындысы бойынша қоғамдық көліктегі жолаушылар легі тәулігіне 1,5 миллион адамға дейін көбейді, – дейді спикер.

Мегаполистің көлік байланысын жақсарту үшін Бұқтырма-Құлжа трактісі көлік жолайырығы ашылған. 2024 жылы Құлжа трактісі алты жолаққа дейін кеңейтіледі, Саин көшесі мен Абай даңғылын қала шекарасына дейін ұзарту, Сейфуллин-Жансүгіров және Саин-Мөңке би жолайырықтарының құрылысы аяқталады.

Қоғамдық көлікті пайдалануды ынталандыру үшін 2024 жылы Алматыға қаланың солтүстік, батыс және шығыс жағынан кіреберісте көлікке ауысып отыру тораптарының құрылысы басталады. Оған қоса, келесі жылы Райымбек даңғылының бойымен Ахрименко көшесінен Пушкин көшесіне дейін ұзындығы 9 км BRT салынып, іске қосылады, 2025 жылы Ахрименко көшесінен Абай көшесі арасында тағы 8 км салынады, – деді қала әкімі.