Бейбіт жиналыс өткізуге қатысты заңға Президент қол қойды

Ақорда сайтының хабарлауынша, Мемлекет басшысы сонымен бірге осы заңмен қатар жүретін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актісіне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» атты заңға да қол қойды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актісіне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заңдарын және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңын да бекітті.

Еске салайық, бұған дейін бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібіне қатысты заң жобасын Сенат Мәжіліске қайтарған еді. Төменгі палата жобаны Сенат енгізген өзгерістермен толықтырды.

Заңда мынадай норма бар: негізді себебі болмаған кезде билік органдары бейбіт жиналыс өткізуге шектеу қоя алмайды немесе тыйым сала алмайды.

Бүгінге дейін қолданылып келген заң бойынша бейбіт жиналыс пен шеру рұқсатпен ғана өткізілуі керек болса, енді ұйымдастырушыға жергілікті атқарушы органдарға хабар беру ғана жеткілікті, әкімдіктің келісімі талап етілмейді.

Елді мекендердің орталық бөліктерінде бейбіт жиналыс ұйымдастыру мен өткізу үшін арнайы орын бөлініп, қатысатын адам саны, қауіпсіздік пен санитария нормалары белгіленеді.

Сонымен бірге бейбіт жиналыстарды заңда тікелей тыйым салынбаған басқа да орындарда өткізуге болады.

Тұрғындар өмірін қамтамасыз ететін нысандар, көлік және басқа да инфрақұрылымдар жұмысына кедергі келмеуі орын белгілеген кезде ескерілетіндіктен мұндай жағдайлар бейбіт жиналысқа тыйым салуға себеп бола алмайды.

Тағы бір жаңа норма — бейбіт жиналысқа қатысушылар жасаған заңсыздық жойылса, акция тоқтатылмайды.