Нашақорды метадонмен емдеген дұрыс па?

Қалалық денсаулық сақтау басқармасының бастық орынбасары есірткіге тәуелділерге метадон беретін пункт 2017 жылы жергілікті бюджет есебінен ашылады деген. Бұл ретте ол егер мәслихат депутаттарына бұл мәселені дұрыс жеткізсе, оған бөлінетін қаражат сомасы онша көп болмайды деп айтты.

Метадон терапиясына қарсылар (есірткіге тәуелділердің иньекциялық героині шәрбәт түріндегі метадонмен алмастырғанда) ол идеяны жақтаушыларға тек қаржылық талап қана қойып отырған жоқ. Бірақ олар бұл отырысқа жіберілмеді және олар өздерінің үнсіз наразылықтарын «Метадонды Қазақстаннан әкетіңдер» деген плакат және басқа түріндегі үнпарақтармен залдың сыртында танытып бақты.

Біз олардың уәждері қаншалықты салмақты екенін айта алмаймыз, бірақ бұл идеяға қарсыларға сөз бермеу бізше әділетсіздік секілді болды. Себебі әңгіме 100 мыңнан астам адам өмірі туралы болып отыр ғой. Тәуелсіз бағалаудың мөлшерінше Қазақстандағы есірткі тәуелділердің саны осыншама екен.

Елді есірткіге «отырғызып тастады»

Қысқасын айтсақ, ААТ бағдарламасын енгізуге қарсы қоғамдық «Қорғау HR» қорының өкілдері осылай сипаттап отыр емес пе. Қордың атқарушы директоры Әлия Әбдинова бір есірткіні (героинді) синтетикалық болса да, екіншісімен (метадонмен) алмастыру – принципті түрде тиімсіз деп есептейді. Оның айтуынша, «метадоннан» болатын «бас ауру» («ломка») ұзаққа созылады және ауыр түрде өтеді, оның үстіне ғылыми әдебиетте синтетикалық есірткіні пайдаланудың бірқатар теріс салдары туралы да айтылған.

«Біз бесіктегі баладан бастап ненің «жақсы» ненің — «жаман» екенін үйретуіміз керек. Ал енді мемлекет кез келген қалауы бар есірткі құмарларға есірткіні тегін тарату міндетін алып отырса (ААТ бюджет қаражаты есебінен тегін таратылады – ҚазТАГ), ол өз қолымен ненің «жаман», ненің «жақсы» екенін бұлыңғырландырып жібереді», — деп есептейді Ә. Әбдинова.

Сондай-ақ ол есірткі құмарларға есірткіні салық төлеушілер есебінен тегін таратуды да дұрыс емес деп есептейді. Қазіргі айтылып жүрген есірткіқұмарларды диспансерлерде емдеуге қарағанда метадон әдісі арзандау деген уәжға Ә. Әбдинова құлақ асқысы келмейді.

«Бүгіндері ААТ енгізуді қолдап ұран салып жүргендер оның арзандығын алға тартуда. Бір қарағанда ол шынымен де сондай сияқты: метадонның бір күнгі дозасы 183 теңге тұрады, ал ол айына 6 мың теңгеге аз. Бұл ретте олар метадон тарату үшін арнайы сайт ашып, тарататын пунктер (арнайы пунктер) ашу керектігін, оларға дәрігерлер, қызмет көрсететін персонал керектігін ескермейді – оның барлығы ақша ғой. 2008 жылы Павлодар мен Теміртауда 2008 жылы жіберілген ААТ пилоттық жобасына шығындарды ЖҚТҚ, туберкулез және маляриямен күрес халықаралық жаһандық қоры көтерген. Келесі жылдан бастап бағдарламаны мембюджет қаржыландыратын болады. Түптеп келгенде осы арқылы тек есірткіқұмарларды ғана емес, бүкіл елді «метадонға» «отырғызып тастаған» болып отыр», — дейді ол.

Және де есірткі жеткізуде аздаған кідірістер (біз тегін берілетін дәрілердің кейде жетпей жатуын немесе кешігіп жататынын күнде болмаса да көріп жүрміз ғой, ондай көрініс метадонға да тән болмасына кім кепіл) әлеуметтік тәртіпсіздіктер тудыруы мүмкін екенін алға тартады.

«Бұл туралы Жаһандық қордың ААТ-ны лоббилап жүргендер ескертіп отыр, метадонды бір күн қабылдамай қалғандар өте агрессивті ашушаң болатын. Ал бізге мыңдаған басқаруға көнбейтін қылмыскерлер неге керек?», — деді Ә. Әбдинова.

Пилоттық жоба заңды бұза отырып енгізілгенін айта отырып, қор жетекшісі метадон терапиясының жақтаушыларының негізгі уәждеріне – ААТ ЖҚТБ таралуын төмендетеді дегенге қарсы. Терапияны жақтаушылардың логикасы бойынша, шырын түріндегі метадонды қабылдағандар ЖҚТБ-ның қан арқылы берілу деңгейін төмендетеді. Героин пайдаланушылар бір шприцті пайдаланатыны құпия емес, ал метадон ішсе, ондай шприцке деген қажеттілік болмай қалады.

«Тараз қаласының бас наркологы айтқандай, ААТ-ға өткендердің барлығы да бірдей героиннен бас тартып жатқан жоқ. Таңертең метадон қабылдаған адамның күні бойы не істеп жүргенін кім көріпті. Ал олар көңілдері қалаған рақатты ала алмаған соң, өздеріне героин де салуы мүмкін. Сондықтан метадон ЖҚТБ таралуын азайтады деу дақпырт әңгіме ғана. Бағдарлама авторлары айтқандай, ААТ-ға отырғандардан апта сайын сынама алып отырады, егер сынамада пациент басқа есірткі пайдаланғаны анықталса, оларды бұл бағдарламадан шығарып тастайды. Сонда не болғаны? Жаңа есірткіге отырғызып алып, кейін ешқандай көмексіз қалдырады ма?», — дейді Ә. Әбдинова.

Оның айтып отырған қорытындысы – бір есірткіні екіншімен алмастыру мәселені шешпейді. Оның пікірінше, мемлекет ААТ-ға бағыттайтын қаражатты бүгіндері қолданыстағы емдеу және сауықтыру бағдарламаларын жақсартуға бағыттау керек.

Ұлттық қауіпсіздікке дейін сырқыратады

Мұндай пікірде осы жұртшылық өкілі жалғыз емес, және де ол құрамында медицина ғылымдарының докторлары мен кандидаттары, ұлттық мединституттың мұғалімдері мен емдеумен айналысып жүрген нарколог-дәрігерлер бар тәуелсіз комиссияның 2011 жылы ААТ-ны пилоттық енгізудің аралықтағы қорытындысында келтірілген тұжырымдамасына арқа сүйеп отыр. Олардың бағасы тым қатал.

«Есірткі құмарларды көптеп тарту арқылы метадонмен емдеу терапиясын енгізу мен жалғастыру саясаты елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді», — делінген сол кездегі денсаулық сақтау министріне жіберілген қорытындыда.

Онда барлығы да айтылған. ААТ-ға бастамашыларды олар Қазақстанға метадонды заңсыз әкелген деп айыптайды, және объективті статмәліметтерді елемеген, және ААТ шығындарын да дұрыс есептемеген (қорытындының толық мәтіні редакцияда бар – ҚазТАГ). Бірақ ең қорқынышты жолдар – метадонның есірткі құмарлардың ағзасына әсері туралы.

«Метадон жоқ кезде оларда бір тәуліктен соң пайда болатын әсерлері туралы былай дейді: ұйқы қашады, агрессивті болып, өзіне-өзі қол жұмсағысы келетіндей торығуға түсу. (…)

Метадон дозасын реттеу қиын және пациенттер оны тым көп ішіп қойғаннан өліп те кетеді. Героиндік есірткі құмарлықтан метадонмен «емдеген» пациенттер бір есірткіге тәуелділіктің орнына екі есірткіге тәуелді болып шығады», — делінген құжатта.
Пилоттық жоба барысында байқалған оң әсерлерді қорытынды авторлары жалған деп атады, себебі ол тек «…героин сатып алуға қаражат іздеу қажеттігінің жоқтығымен ғана байланысты болып отыр». Пациенттердің айтуынша, олар «героинді іздемеген», «қайдан ақша алса болар екен деп ойламаған», оларда «ішкі отбасылық қарым-қатынас қалпына келген».

Және қорыта келгенде – комиссия денсаулық сақтау министрлігіне ААТ –ға қолжетімділікті кеңейтуге қатысты барлық бұйрықтардың күшін жоюды ұсынды.
Бұл жерде төрелік айтқымыз келмейді, оның үстіне аталған салада маман болмағасын, бірақ оң әсерлердің жалғандығы туралы логика қорқыныш тудырады. Есірткі құмардың ақша табудың қылмыстық жолын іздеуді доғарғанында тұрған немесе өз туыстарымен қарым-қатынастың қалпына келгенінде тұрған не жамандық бар?

Ал маманның пікірі келесідей. Республикалық ғылыми-практикалық психатрия, психотерапия және наркология орталығының (РҒПППН) директоры Сағат Алтынбековтың мәліметтерінше, ААТ енгізумен заңсыз есірткіні пайдалану жыл бойына 72%-ға қысқарады, есірткі құмарлардың қылмыстық белсенділігі мен экономикалық ауыртпалық жүгінің деңгейі төмендейді.

«Халықаралық ІСАР ұйымының тәуелсіз бағалауы бойынша ААТ-ға қатысушылардың 80%-ы денсаулығының жақсаруын айтқан», — деп атап көрсетілген.

Және қоғамдық ААТ-ны енгізуді қолдап отырған «Аман-Саулық» қорынан аздаған статистика. Цифрлар онша көп емес, себебі Қазақстанда бұл бағдарламаға қатысатындар саны да онша көп емес. Сонымен ААТ-ға қатысқан 290 адамның 182-сі жұмысқа орналасқан, АҚТҚ оң статусы бар 50 адам антиретровирустық терапия ала бастаған, 66 адам отбасылы болған, олардың үшеуінде дені сау нәресте туылған. Қатысушылардың 14%-ы емделуді оң нәтижемен аяқтады (есірткіден бас тарту және тартыну), 96% отбасында қарым-қатынастың қалпына келгенін айтқан, әл-ауқатын субъективті бағалауда 100% өз өмірлеріне көңілі толатындығын атап өткен.

Метадон – тажал емес

ААТ-ға қарсылар оны қолдайтындарға қойып отырған талаптарының бір бөлігін соңғылары аздап мойындайды, ал бір бөлігін мүлдем қолдамайды. Оларды тармақпен қарап көрсе болады.

Мысалы, РҒПППН директорының орынбасары Бақытжан Нұрәлиев героинге тәуелділерді одан да ауыр метадонға «отырғызу» туралы дәлелдерді теріске шығарады.

«Метадонға үйрену» деген ұғым жоқ. Героинге тәуелділіктен зардап шегіп жүрген пациент метадон алады, ал героинде интоксикациялық коэффициент үлкен. Көшедегі есірткіні біз медициналық препаратпен алмастырамыз, ал жеке басқа есептеп алынатын дозадан эйфория болмайды, мас болу байқалмайды. Нарколог-дәрігер ретінде мен жауапты түрде мәлім етемін, метадоннан «ломка» 3-тен 10 тәулікке дейін жалғасады және «ломкадан» ешкім де өлген жоқ. Ал одан аяқ-қол істемей қалады деу – жалғандық», — деді ол.

Ол аз десеңіз, ААТ – ол бір есірткіні басқасымен алмастыру емес.

«Метадон тағайындау дегеніміз пациенттеріміз өмір бойына сонда отырады дегенді білдірмейді. Оларда қысқа мерзімдік терапиядан өтуіне немесе бірнеше жыл осында отыруды таңдау құқығы бар. Емдеу кешенінде ААТ-ның алатын орны ерекше, бірақ ол әлеуметтік психотерапиямен жалғаса жүргізілуі керек. Ол пациенттің өзі және оның туыстарымен жұмысты қамтиды, оның барысында тұрмыстық зорлықтың алдын алу проблемалары, қылмыстық мінез проблемалары шешіледі, жиынтық түрде ол жақсы нәтиже береді. Терапия келешекте метадоннан бас тартып, қоғамға қайта оралу дегенді білдіреді», — дейді доктор.

Бұл ретте ол ААТ-да жүрген пациенттерде «қайта бұзылып кету» оқиғалары орын алу мүмкіндігін теріске шығармайды.

«Пациент толықтырушы ем алып жатқанда, оның дозасы белгілі бір деңгейде қадағаланады – орта есеппен тәулігіне 60-тан 120 мл. дейін. Егер героинге құштарлығы болса – дозасы көбейтіледі, метадон бұл күшті тоқтату қасиетіне ие. Егер пациент героинді жүйелі түрде қолданса, егер ол метадон оған арналмаған деп шешсе – ол бағдарламадан шығарылады. Оның таңдау құқығы бар. Біз есірткіге тәуелділердің барлығы 100% ААТ-ға алынады деп айтпаймыз. Емдеудің басқа да жолдары бар, пациент оны өзі таңдайды», — деді Б. Нұралиев.

Сондай-ақ ААТ-ны жақтаушылар метадонды сатып алу арқылы ғана ААТ шығындарын шектеуге бейім емес. Десек те құқыққорғау органдары ұсынып отырған оны сақтау жағдайлары мен тасымалдауға керек шығындар болған күннің өзінде, тіпті пункттерді ұстау мен дәрігерлерге және басқа да қызмет көрсететін персоналға ақы төлеуді ескерген күннің өзінде олар есірткіге тәуелділікті дәстүрлі емдегенге қарағанда барынша төмен бағамен ұсынылады. «Аман-Саулык» ҚҚ өз зерттеулерінде хылқаралық тәжірибеге сүйенеді: егер бір есрткіге тәуелді жанды ААТ-ны қолданып емдеуге жұмсалатын шығындар жылына $3,5 мыңды құраса, стационарда емделу — $12,4 мың.
«Аман-Саулық» ҚҚ президенті, 30 жылдық тәжірибесі бар дәрігер Бахыт Түменова айтқандай, есірткіге тәуелділер арасында ЖҚТБ-ның таралу қарқынының төмендеуін ААТ-ға инъекциялық есірткі қолданатындардың (ЛУИН) 20-30% -ын тартса ғана анықтауға болады. Қазір бұл көрсеткіш Қазақстанда, ЛУИН бағалаушылар саны – 127,8 мың адам екенін ескерер болсақ, бар болғаны 0,24%. Міне сондықтан да дәрігер ААТ-ны дамыту мен оған қол жетімділікті арттыруды қолдап отыр.
Оның айтуынша, метадоннан босқа қорқады.

«Мәселе мынада, метадонның өзі де, және оған ұқсас промедол, трамадол да ісіктің IV сатысындағы науқастарға паллиативті көмек барысында қолданылады. Алайда бүгінде соңғы есірткі препараттарын арнайы рецепті болған жағдайда аумақтық емханадан алуға боалды, және онда тұрған қорқынышты ештеме жоқ. Ал метадон Қазақстанда дәрілік құрал ретінде тіркелгеннен кейін өз орнын тапты және, мүмкін, жақын болашақта ол да солай берілетін болар. Ол героинмен егілетін нашақорлар үшін тартымды емес, себебі одан рахат сезімге бөленбейді, ол үшін оны тонналап ішу керек», — дейді Б. Түменова.

Айтпақшы, біз жоғарыда айтқан метадонға қарсы шыққан дәрігерлер қорытындысында тағы бір қызық жәйт бар. Нақтырақ айтсақ, «Қорытынды» бөліміндегі 7 тармақ, олар толықтырушы емді жалпы жоққа шығармайды. Сонымен, олар «ААТ қолдану стандартын әзірлеп, бекітуге (нақты препаратты лоббилеусіз) кеңес береді, яғни ААТ-ны инъекциялы есірткіні қолданатын ЖҚТБ жұқтырған есірткіге тәуелділер арасында қолдануды» ұсынады.

Онда неге, ол ҚХР-да, АҚШ-та, Иран-да, Малайзияда, Үндістанда, Вьетнамда, Еуроодақ елдерінде (тізімді жалғастыра беруге болады) қолданылатын ғылыми негізделген емдеу әдісі, метадон терапиясы болмасқа?

Бірінші тұлғадан

Төмен қарай біз пилоттық жоба аясында метадонды тікелей пайдаланатын екі адамның пікірін келтіргіміз келеді.

Олардың біріншісі — есірткі беру пункті бар Семейдегі наркологиялық диспансер директоры Павел Брыжахин.

«Метадонның токсикалық әсері героиннен бірнеше есе төмен. Героин жоғары токсикалық препарат, қан тамырына көп мөлшерде енгізіліп, бауырды отырғызады. Метадон дозасы одан барынша төмен, ол қан тамырына асқазан арқылы барады және оны масаң күйге ғана емес, эйфорияға да түсірмейді. Пациент өзін жайлы сезінеді, оны есірткіге еліктірмейді. Метадон есірткіге қажеттіліке жауап беретін рецепторларды жауып тастайды. Метадонның кері ықпалы туралы ғылыми жұмыстар жоқ», — деді директор біздің агенттікке берген түсініктемесінде.

Екінші пікір – ААТ –да жүрген пациенттің аталмыш тақырып бойынша дөңгелек үстелдердің бірінде айтқаны.

«Мен есірткіні 1996 жылы қолдана бастадым. Мені бірнеше рет түрлі тәсілдермен емдеді. Мен психикалық ауруханадада, оңалту орталықтарында да жаттым, рухани тәжірибеден де өттім — көмектеспеді, қайтадан есірткіні қолданып кетіп жүрдім. Мен үш рет сотталғанмын. Мүмкін бұл бағдарлама бұрын пайда болғанда мен ЖҚТБ –жұқтырушы статусын алмаған болар едім. 2012 жылы Теміртауда метадон бағдарламасы барын білдім, сөйтіп оны да көруді шештім. 3 жылдан кейін мен одан шықтым, есірткіге тәуелділіктен толықтай арылдым. Қазір менің жұмысым, сүйікті адамым бар, мен өзімді жақсы сезінемін. Маған кейде айтады: «мүмкін саған осылай айту үшін ақша төлеген шығар» деп. Бұл өтірік. Мен жай мұның маған және басқа да адамдарға көмектескенін білемін», — деп әңгілмелеп берді өз оқиғасын Теміртаудағы Елена Кузнецова.

Анықтама

Метадон – опиоидтар тобындағы синтетикалық дәрілік препарат, анальгетик секілді, ол есірткіге тәуелділікті емдеу барысында және «ауыр» есірткіні қолдануда алмастырушы ем барысында – героинді алмастырушы ретінде пайдаланылады. 2005 жылы ол СӨС негізгі дәрі-дәрмек құралдары тізіміне енгізілді.

ДереккөзKaztag.kz