1986 жылдың 16 желтоқсанында ОКП Орталық Комитетінің нұсқауымен Қазақстан КП Орталық Комитетінің пленумы өтті. Күн тәртібінде бір ғана мәселес тұрды. Пленумның шешімі бойынша Дінмұхамед Қонаевтың орнына Республика партия ұйымының басшысы етіп Геннадий Колбин сайланды.

Сол күні қазақ жастары, студенттер мен жұмысшы жастар Алматыдағы Брежнев алаңына (қазіргі Республика алаңы) жиналды. Бұл күні саяси сипатта бастау алған митинг бірқалыпты, тәртіппен өтіп жатты. Ал келесі күні алаңға әскерилер қойылып, ереуілшілерді ұстап, жазалау басталды.

«Алаңға арматура дайындап жатырмыз»

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, 16 желтоқсанда алаңға жастар көп жинала қоймаған екен. Тек 17-сінде ғана бір-бірінен естіп, топ-топ болып келе бастаған.

Жастардың жиналып жатқанын ести сала, алаңға жеткеннің бірі Шолпан Саматқызы болатын.

«Жастарда талап-тілегін басшылыққа жеткіземіз деген ниет қана болды. Ол кезде Алматыдағы Сәулет-құрылыс институтын бітіріп, бір мекемеде инжинер-құрылысшы болып қызмет атқаратынмын. 15-інен 16 желтоқсанға қараған түні жұмыста отырғанымда, жұмысшыларды түнгі 2-ге қарай жоғары партия мектебіне шақырды. Онда бәрімізді жиналысқа шақырып, үлкен пленум болады деп хабарлады.

16 желтоқсанда жұмысқа келгенде мән-жайды естіп алдық. Ал 17-сі жұмыстан шығып, үйге кеттім. Үйіміз Орбитатының маңайында еді. Автобус Фурмановтан Сәтбаев көшесіне көтеріліп бара жатып, сол маңда тоқтап қалды. Алаңда көп адам болды. Не болып жатқаны туралы аздап хабарым болғандықтан, алдымен үйге жетіп алып, содан кейін алаңға барайын деген ойым да болды. Сол маңайда жүрген бір әйелден «Не болды?» деп сұрадым. Ол «Қазақтар басқаларды Қазақстаннан қуып шықпақшы» деп жауап берді. Әркім түрлі әңгіме айта бастады.

Үйге келдім. Ол уақытта тұрмыстамын. Кішкентей қызым бар. Туыс апайымның баласы бізде жатып оқитын. Ол да алаңға кетіп қала ма деп қорықтым.

Бір кезде үйге көршім күйеуі екеуі келді. Күйеуі сол кезде үлкен темір заттарын дайындайтын зауыттың партия секретарі болған. Ол «қазір алаңға артамура дайындап жатырмыз. Қиын жағдай болатын сыңайлы» деп алаңдаушылық білдірді».

Фото. Wikipedia.org
«Қолымызда қару да жоқ»

Шолпан Саматқызы көршісі екеуінің өзінен жасы кіші жастар үгіт-насихатқа еріп кетпесін деп алаңға баруға бел буғанын айтады.

«Қайтадан автобусқа мініп, сегізге қарай алаңға келдік. Адам қарасы көп екен. Жастар өздерінің талап-тілектерін білдіріп жатқан еді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің алдында біраз ел жиналып қалған. Жанымызға бойы ұзын, пальтодағы ер адам жақындады. Қолында фотоаппараты бар. Бізге «Мұнда не істеп жүрсіздер, тек жастар жүр ғой» деп әңгіме айтты. «Қазір не болатынын білеміз. Соны болдырмау үшін келіп тұрмыз» дедік.

Айтып үлгергенімізше,, топтың бір шеті улап-шулап қоя берді. Жастар бізге қарай жүгіре жөнелді. Кейбірі биік ғимараттың қоршауында тұрған темірді алып, таспен атқылап жатыр. Жастар көмек сұрай бастады. «Қолымызда қару да, ешнәрсеміз жоқ. Көмектесіңіздерші…» деп айқай салды. Бір кезде жанымызға бір қыз келеді. Үсті-басы қан. Маңдайында қан қатып қалған. «Апай орамалымды дұрыстап таңып беріңізші» деп жылады. Орамалы да жұқа. Мойнымдағы өз орамалымды соның басына таңып бердім. Жағдайын көріп, жаным ашып кетті. «Үйге қайта ғой. Қазіргі жағдайың қиын» дедім. Ол артынша «Апай, үйге бара алмаймын. Бұл топта құрбыларым, достарым қалып қойды» деп оралды».

Фото. Wikipedia.org
«Құрбымды үшінші қабаттан лақтырып жіберді»

«Кешке қарай әскерилер төбеден прожектор жағып тексерді. Алаңға жиналған бір топ жастың асылдығын, көрегендігін байқадым. Ортада біреуіне сөз беріліп, ол бәрінін атынан сөз сөйлеп, талаптарын нақты айтты.

Әскерилер келгеннен кейін әлгі жастарды ұрып, қуа бастады. Істерге амал жоқ, біз де қаштық. Қашып бара жатып, қазіргі «Алтын адам» ескерткіші тұрған жердегі бір баспалдақтан шалынып құладым. Қасымдағы жолдас қызымды жоғалтып алдым. Айқайлап жатып, оны тауып алдым.

Екеуіміз артымызға қарамай қаштық. Көшенің бұрышында төрт қабатты үй тұр екен. Бәріміз жан сауғалап, соған барып тығылдық. Артымыздан әскерилер келді. Оларды жастарды, әсіресе, қыздарды көтеріп алып, бірінші, екінші қабатқа көтерілген сайын лақтырды. Неге екенін білмеймін. Алаңға шыққан жастардың жартысынан көбі қыздар болды. Лақтырған қыздардың ішінде бір кезде Роза деген құрбым да кетіп қалды. Оны үшінші қабаттан екінші қабатқа лақтырып жіберді. Ол дәл терезенің жақтауына барып соғылды. Сол сәтте аузыма құм құйылғандай басылды. Не істерімді білмей, абдырадым да қалдым. Амалсыз қашуға тура келді. Қашып бара жатып, үйдің люгына шықтық. Үйдің төбесіне 30-40 адам шығып үлгергенбіз. Әскерилер артымыздан қалмайды. Кім үлгерді қашты, кімді ұстап алды, соларды биіктен төменге лақтырды. Өзімнен басқа тағы 5-6 адам тағы бір үйдің төбесіне қарай секірдік. Бір әскери жігіт бізге қарай шамын жақты. Бізді көре тұра, «Мұнда ешкім жоқ, ұсталғандарды астына түсіріңдер. Уақыт жоқ» деп жауап берді.

У-шу басыла тұрғанға дейін үйдің төбесінде болдық. Осы уақытта автобусқа бір топ жасты ұстап алып, теуіп-теуіп мінгізіп жатты. Оның арасында жаңағы құрбым да кетті. Ол үш күн бойы тергеу изоляторында болды. Өкініштісі, ол қамауда болғанда, оның екі кішкентай баласы үйде қалған. Үйіне кіргенімде құрбымның үлкен әпкесі болған. Ол маған қатты ренішін айтып, «Сен, сен, Розаны сол жерге бірге алып кеткен. Мына баланы өзің қара» деп жан айқайын білдірді. Қазір ол құрбымның денсаулығы күннен күнге нашарлап бара жатыр. Оған тергеудегі бір жігіттер «Айтқаныңызды ұмытпасыз, жаттап алыңыз. Олар сізді тергеуге қайта-қайта шақыра береді» деген екен. Қазір бұл кезді есіме алсам, денем түршігіп кетеді.

Фото. Wikipedia.org
«Өрт сөндіруші машиналар су шашып жатыр»

Желтоқсан оқиғасының тағы бір куәгері − Өмірхан Беймаханұлы. Ол Ауыл шаруашылығы институтын тәмамдап, Талдықорғанда жұмыс істеп жүрген екен. Кейін Алматыға ауысып келеді. Мұнда ол алғашқы кезде біраз қиындық көргенін айтады.

«Жұмыстың ыңғайы болмай, таксопаркке орналастым. Кейін көлікті жабдықтау мекемесінде уақытша қызмет атқардым. 16 желтоқсан күні Тимиряз көшесімен төмен түсіп бара жатсақ, адамдар шоғырланып қалыпты. Қаладағы жағдайға аң-таң болған мен автобустағылардан не болып жатқанын сұрадым. Олар «Адамдар көтеріліп жатыр. Жаңадан сайланған басшыға қарсы» десті».

Сөйтіп, Сәтбаев-Мира аялдамасынан түсіп қалдым. Алаңға келсем, жастар екен. Әрқайсысынан «Қай жақтан боласың? Не істейміз?» деп сұрастырдым. 16 желтоқсан қақаған қыс қаһарына мінген, өте ызғар, аязды күн болды. Әне-міне дегенше кешкі 9. Әлі тыныш еді. Көктөбе жақта тұратынмын. Сөйтіп, үйіме жаяу кеттім. Жігіттермен 17 желтоқсанда жиналамыз деп келістік.

Таңертең жұмысқа соғып, техниканың қосалқы бөліктерін қарастырамын деп шығып кеттім. Ешкім іздей қойған жоқ. Түске қарай алаңға қарай бет алдым. Автобус Фурмановпен жоғары көтеріліп бара жатыр. Қыз-жігіттер автобустан топырлап түсті. Алаңда қалың халық. Бір қарасам, өрт сөндіруші машиналар бірінің артынан бірі жақындап қалыпты. Жәй келе жатқан жоқ, су шашып келе жатыр. Жақын тұрған жігіттер бір машинаның үстіне мініп, жүргізушіні түсірді. Дегенмен, артындағы көліктерден су жиі шашыла бастады. Адамдар қашты. Су тисе, бітті. Аязда тоңып, үсіп қалғандар да болды. Күн бата әскерилер келді. Қолдарында арматура. Біз де қарап тұрмай, баспалдақтарда орнатылған темір бағаншаларды жұлып алып, қарсы шықтық. Төрт қатар болып тізілген солдаттар жақындады. Біз шегініп, фонтанның алдында күтіп тұрдық. Жанымызда тұрған бір-екі қыз «Жігіттер не қарап тұрсыңдар? Намыстарың қайда? Жүріңдер артымыздан» деп қайрады. Бұдан соң қарап тұрамыз ба, айқай салып, әскерилерге қарай жүгірдік. Сол кездегі жігіттер қайратты болды ма? Әйтеуір, қарсы жақ Үкімет үйіне қарай шегінді. Қақтығыс сәл саябырсыған соң үйге бардым. Жұмысқа барсам, алаңға шығып мерт болған біраз жігітті үлкен көлікке тиеп алып, бір жаққа әкетті дегенді естідім.

* * *

Ресми ақпарат. Желтоқсан оқиғасына қатысты ресми мәліметтерге сүйенсек, 1986 жылдың 16-18 жел­тоқсаны күндеріндегі ереуілге қатысты деген күдікпен 8 500 адам ұсталған. 1 700-ін құқық қорғау қызметкерлері соққыға жыққан,  5 324 адам прокуратура мамандарының тергеуінде болған. 850 адам Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті органдарында тергеліпті. 900 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 1 400-ге жуық ереуілші партиялық ескерту алды. 319 адам жұмыстан қуылып, 309 студент оқудан шы­ға­рылған. 99 желтоқсаншыға қатысты қыл­мыстық іс қозғалды. Екі адам түрмеде қайтыс болды. Ал нақтыланбаған деректер бойынша, ереуіл кезінде және одан кейінгі уақытта 174 адам қайтыс болып, олардың дені «Батыс» зиратына жасырын жерленген.

* * *

«Әскерилердің көбі жазалаушы болған жоқ»

Ұлбала Әлишева 1986 жылы ҚазҰУ-дың «Журналистика» факультетінде оқып жүрген. Бірінші курста оқитын студент 16-17 желтоқсанда алаңда болыпты. Оның айтуынша, көтерілістің екінші күні жастарға өрт сөндіруші машинадан су шашылған.

Үсті-басымыз малмандай су болып, ҚазҰУ-ге жаяу тарттық. Жатахқанаға келсек, тәртіп сақшылары, декан және тағы басқа құзырлы орган өкілдері жиналып қалыпты. Университетке кіргізбей, бәрін шетінен ұстап тұр екен. Орайын тауып жатақхананың артында тұратын қыздарға айтып, ішке кірдік. Бірақ алаңда астаң-кестең болып жатқанда шалынып түсіп, шыршаға құладым. Сол сәтте шинель киіп алған әскери адам мені сүйрелеп алып кетті. Сосын маған «Қайт үйіңе» деп итеріп жіберді. Әскерилердің көбі жазалаушы болған жоқ. Керісінше, қандасымыз жапа шегіп қалмасын деп үйіне қайтарып жатқандар да болды, − деді Ұлбала Әлишева.

Фото. Бақдәулет Әбдуалы
«Факультеттегі жігіттер бүкіл жауапкершілікті өзіне алды»

Ұлбала Әлишева студенттердің бірінші сабақта елдегі жаңалықтарды талқылайтынын жеткізді.

16 желтоқсанда газет бетіне жаңа басшының суреті шықты. Соны көре салып, екі топтың 50 студенті қарсылық білдірді. Тек бес-алты студент сылтау айтып, қалып қойды. Көтерілістен кейін 1 жыл бойы тергеу жүрді. Кез келген сабақта тергеуге алып кететін. Сол кезде бір бейтаныс адам «Тергеу кезінде сендерге суреттер көрсетеді. Танитын адам болса, көзің білдіріп қояды. Сондықтан суреттің өзіне емес, айналасына қарап отырыңдар, ешкімді танымаймыз деп айтыңдар» деді.

«Тергеуден кейін университетте Коммунистік жастар одағының ауқымды жиналысы өтті. Бәрімізді факультет бойынша оқудан шығару туралы бұйрық шықты. Жиналыс кезінде бір-бірін ұстап беріп, сол мезетте-ақ оқудан шығып жатқандар болды. Бірақ біздің факультеттің ауызбіршілігі сол уақытта байқалды. Ешкім бір-бірінің артын ашып, сатқан жоқ. Бәріміз бардық дедік. Алайда басшылық оқудан шығарамыз дегенде, тобымыздағы бірнеше жігіт атып шықты. «Мен бастап бардым» деп бар жауапкершілікті өздеріне алды. Сөйтіп, қатарымыздағы төрт жігітті 10 күнге қамап тастады. Кейін олар ақталып шықты», – деді желтоқсан оқиғасының куәгері.

Фото. Wikipedia.org
«Автобусқа тиеп, қаланың сыртына алып кетті»

Күнімхан Сандыбайқызы мен Бақытгүл Зәкіржанқызы бұл уақытта Шет тілдері институтының 2-курсында оқыпты.

Күнімхан екеуміз Шет тілдері институтында біліп алып жүргенбіз. Алаңға екі күні бойы шықтық. Көрініс өте қорқынышты болды. Бір уақытта солдат желкемнен ұрып, автобусқа отырғызды. Бір адамды танымаймын, жанымда ешкім жоқ. Бәрімізді автобусқа тиеп, қаланың сыртына алып кетті. Алматы үлкен болғандықтан, көше атауларынан әлі бейхабармын. Бір кезде «Үйлеріңе қайтыңдар» деп автобустан түсіріп жіберді. Жол білетін студенттермен бірге қалаға оралдық. Аман-есен жатақханама жеттім. Қуанышқа орай, вахтер апай ішке кіргізді. Екінші күні таңертең сабаққа барар алдында кураторымыз санап алып, қайтадан алып келетін, – деді Бақытгүл Зәкіржанқызы.

«Если не нашли нормального казаха..»

Сапура Паритқызы 1986 жылы балабақшада жұмыс істеп жүріпті: «Ол кезде екі балам, жолдасым бар. Алаңға шыққан негізгі себебім намысыма тиген сөздер болды. 17 желтоқсан күні балабақшаға келген өзге ұлтты ата-ана болған оқиғаны талқылап, естігенін айтып жатты. Олардың айтуынша, қазақтар балабақшаларды қиратып, өртеп жатыр екен. Мен бұл сөзге сенбей, «Ақ-қарасын көру үшін алаңға барамын» дедім. Сол арада бір әйел «Если не нашли нормального казаха» деп қалды. Осы сөз намысыма қатты тиді. Әрі-сәрі болып, жұмыс уақытының аяқталуын күттім. Үйге келсем, жолдасым да әрең шыдап отыр екен. Аяғының гипстелгеніне қарамастан, алаңға бет алдық. Елден естігенше, көзбен көрейік дедік.

Барғанда алаңдағы қақтығыстың үстінен түстік. Тәртіп сақшылары үйге қайтуымызды талап еткендіктен, кері қайттық. Ертесі басшылықтан қатаң сөгіс алдым. Сәл болмағанда жұмыстан да шығатын едім.

«Желтоқсан ақтаңдақтарын анықтау – парыз»

1986 жылы Республикалық медицина училищесінде оқып жүрген Жадыра Сайлауханқызының пікірінше, «Желтоқсан оқиғасына» бүгінгі тәуелсіз ел мүддесі биігінен, саяси бағыттағы жаңа көзқарас және ғылымдағы өзгеріс тұрғысынан қараған жөн.

Желтоқсан-86 қоғамдағы түрлі буыннан өз бағасы мен тұжырымын талап ететін тарихи құбылыстар қатарына жатады. Саяси репрессия құрбандарын толық ақтау бойынша алға қойған міндеттерді орындау барысында жұмыс жүргізіп жатқан мемлекеттік комиссия және басқа да жауапты мекемелер аталған өзекті мәселені ескергені жөн деп есептейміз. Сол ызғарлы күндері қазақты сапер күрегімен ұрды ма? Ұрды. Қыздарымыздың шашынан алып, сүйреді ме? Сүйреді. Жігіттерімізді жерге құлатып, тепті ме? Тепті. Жала жапты ма? Жапты. «Қазақ ұлтшылдығы» деген қара таңба басты ма? Басты. Жазықсыз соттады ма? Соттады, − дейді ол.

Жадыра Сайлауханқызы бертінге дейін бұл оқиға туралы сөз қозғалғанда, оның қайғы-қасіреті, жаласы мен наласы ғана айтылып келгенін атап өтті.

Ендігі жерде оның шынайы келбетін, яғни қоғамдық-әлеуметтік мәні мен тарихи орны, көтерілістің отансүйгіштік және қаһармандық өнегесі жайында ашық айтатын кез жетті, − деді Жадыра Сайлауханқызы.

Үкімет не дейді? 

Осы күзде Мәжіліс депутаттарының Желтоқсан оқиғасына қатысқандарды ақтау туралы сауалына премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жауап берген болатын.

Желтоқсан қаһармандарының ерлігін насихаттау мақсатында деректі фильм түсіріліп жатыр. Студент жастар арасында Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің құрметіне бокстан, Ербол Сыпатаевтың құрметіне қазақша күрестен турнир ұйымдастырылады. Қазақтың батыр қыздары Ләззат Асанованың, Сәбира Мұхамеджанованың және Кенжегүл Молданазарованың құрметіне өңірлерде оқушылар арасында шығармашылық патриоттық іс-шара өткізіледі. Жалпы, елімізде Желтоқсан қаһармандарына арналған алаңдар ашу, ескерткіш, монументтер орнату бойынша жұмыс бюджеттің мүмкіндігіне сәйкес жүргізіліп жатыр, − деп жауап берді үкімет басшысының орынбасары.

Вице-премьердің дерегіне сәйкес, отыз жыл ішінде Қазақстанда Желтоқсан оқиғасы мен оның қатысушылары есімімен аталған 111 нысан ашылыпты. Бұдан бөлек, ҚР Президентінің 1991 жылғы 12 желтоқсандағы № 540 Жарлығына сәйкес Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар қылмыстық, әкімшілік және тәртіптік жауаптан босатылған.

1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, оқудан, жұмыстан шығып қалған азаматтар «ақтау туралы» анықтаманы қолданыстағы заңнамаға сәйкес дәлелді құжаттарды жергілікті прокуратура органдарына ұсыну арқылы ала алады. Анықтама алу тәртібі барынша жеңілдетілген. 2020 жылы Алматы қаласында ақталған желтоқсандықтардың саны 400 адамды, ал 2021 жылы 516 адамды құрады, − деді Үкімет өкілі.