Тарихи сенсация: Елеке сазы қорымынан тағы бір «Алтын адам» табылды

Шығыс Қазақстан облысындағы Елеке сазы қорымынан жаңа «Алтын адам» табылды. Белгілі археолог Зейнолла Самашев жетекшілік еткен қазба жұмысы Қазақстан тарихының ірі жаңалығын ашып отыр.

Елеке сазы қорымы — біздің дәуірімізге дейінгі VIII-VII ғасырлардағы ерте сақ кезеңінің адам қолы тимеген тарихи орын. Антропологтардың айтуынша, табылып отырған сүйек 17-18 жастағы жігіттікі. Оның бойы — 160-170 сантиметр. Онымен бірге жерленген жәдігерлер жақсы сақталған, сол себепті «Алтын адамның» костюмі мен сырт келбетін қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Жерленген адамның киімі басынан-аяқ алтынмен апталған. Бозбаланың мойнында оның биік әлеуметтік мәртебесі болғанын айғақтайтын бақыр бар. Қорамсақ пен алтын қынға салынған қанжары да бірге жерленіпті.

Облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, табылған жәдігерлер сол ерте дәуірде металл өңдеу мен зергерліктің бірегей технологиясы болғанын көрсетеді.

«Мұндай жаңалық сол замандағы өркениеттің биік деңгейде болғанын айғақтап, ата-бабаларымыздың мәдениеті туралы түсінігімізді кеңейтеді. Қолөнердің бірегей дәрежесі мен көшпелі өмір салты адамның табиғатпен бірлікте болғанын, оның сол кезеңнің әлеуметтік-экономикалық қажеттіліктерге қалай бейімделгенін көрсетеді. Қазіргі уақытта біз Шығыс Қазақстан облысындағы жаңа тарихи-өлкетану музейінің жобасын әзірлеп жатырмыз, онда археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытудың облыстық бағдарламасы іске асырыла бастаған соңғы үш жыл ішінде табылған құнды жәдігерлер қойылады», — дейді Даниал Ахметов.

Зейнолла Самашев алдағы уақытта табылған жәдігерді толық зерттеу міндеті тұрғанын айтты.

«Бассүйегіне қарап, жасөспірімнің шынайы тарихи кескінін қалпына келтіреміз. Сүйек қалдығынан ДНҚ үлгісін аламыз. Бұл ақпарат олардың қандай жағдайда өмір сүргені, тұрмысы мен мәдениеті туралы тарихи деректерді білу үшін маңызды», — дейді археолог.

Мәскеуден арнайы шақырылған антрополог Егор Китовтың айтуынша, табылған «Алтын адамға» қатысты алдын ала мумификация жасалған.

«Қорымның жәдігерлері мен үлкендігі жерленген адамның әлеуметтік дәрежесінің жоғары болғанын білдіреді, мұндай мәртебелі адамды жерлеу үшін алыс жол жүру қажет болған. Сондықтан сүйектің ұзақ сақталуына мән берген», — дейді Китов.

Шығыс Қазақстан облысында үш жыл ішінде археология саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу бағдарламасын іске асыру үшін 430 миллион теңге бөлінген. Зерттеу аяқталуға таяды, оның қорытындысы 2018 жылғы 7 қыркүйекте Өскеменде «Алтай — түркі әлемінің алтын бесігі» атты ғылыми-практикалық конференцияда жария етіледі. Осы өңірден шыққан Зейнолла Самашев, Әбдеш Төлеубаев сияқты археологтардың монографиясын шығару да жоспарланып отыр.

Еске салайық, Шығыс Қазақстан облысында сақ дәуіріндегі бекзадаға тиесілі болуы мүмкін моланың табылғанын бұған дейін хабарлаған едік. Ал 2017 жылы дәл осындай «Алтын адам» Берел қорымынан табылған болатын.