Елімізде такси жүргізушілерінің табысы қанша?

Сенатта жалдамалы көлікпен табыс тауып жүрген такси жүргізушілерінің мәселесі көтерілді.

Сенатор Жанна Асанованың айтуынша, бүгінде үкімет таксомоторлық компаниялар үшін көлікті лизингке сатып алуға арналған субсидияларды тоқтатуды қарастырып жатыр. Соның аясында автопарктер отандық көліктерді лизингке алады да, көлік жүргізушілеріне жалға береді. Олар темір тұлпарды біртіндеп жекеменшікке сатып алады. Қазіргі кезде жалдамалы көлікпен жүретін такси жүргізушілерінің саны шамамен 18 мың адам болды. Бұдан бөлек, тағы 14 мың адам кезекте тұр.

Бір көлік үш адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік беріп отыр. Себебі бір отбасының мүшелері немесе достар ауысып істейді. Сөйтіп, барлығы жалға алған көліктің ақысын бірге төлеп жүреді. Бір адам күніне 20 сағат жұмыс істесе, 30 мың теңгедей табады. Ал жалға алу ақысын, амортизация мен жанар-жағармайды алып тастағаннан кейін таза 7 мың теңге қалады, — деді Жанна Асанова сенаттың бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, былтыр такси жүргізушілерінің табысы 204 мың теңге болды. Көлік жүргізушісі күн сайын әрбір жол ақысының 30-50%-ін алып отырады. Осы салада көбінесе өзге аймақтардан келген азаматтар және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мүшелері жұмыс істейді. Ал субсидияларды алып тастаса, көлікті жалға алу ақысы артады. Такси жүргізушілерінің табысы азаяды.

Олардың жағдайы нашарлайды, осы салада қалса да, табысы ең төменгі жалақыға да жетпей қалуы мүмкін. Такси жүргізушілерінің жағдайы қиындаса, қызмет бағасы және көліктің саны да өзгеруі мүмкін, — деді сенатор.