Түркістан облысының полицейлері 40-тан астам жайт бойынша алаяқты ұстады
Мәселен облыс тұрғыны полицияға арызданып, белгісіз біреу әлеуметтік желідегі парақшасына бұзып кіріп, атын пайдаланып, таныстарынан ақша сұрап алып, 55 мың теңге шығын келтіргенін жеткізді. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.
Жедел уәкілдер бірден қажетті шараларды атқарды. Жан-жақты, тиянақты жүргізілген тексерулер нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Тәртіп сақшылары оны Шымкент қаласындағы жалдамалы пәтерлердің бірінен ұстады. Ол жұмыссыз, Жамбыл облысының тұрғыны болып шықты. Полиция бөліміне жеткізілген жас жігіттің, Астана қаласының сотымен осындай 42 қылмыстық іс бойынша іздеуде жүргені анықталды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда. Оның жәбірленушілерге келтірген шығын көлемі 2 миллионға жуық. Полиция тергеу барысында жәбірленушілер саны артуы мүмкін екенін жеткізеді.
