Жамбыл облысында газ құбыры жарылып, 5 елдімекен жылусыз қалды

Жамбыл облысында газ құбыры жарылып, бес бірдей елдімекен жылусыз қалды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Әкімдіктің мәліметінше, газ құбыры 12 желтоқсан күні түнде жарылған. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қазіргі уақытта Жамбыл ауданы Гродеково ауылында орташа қысымды жерүсті газ құбыры жөнделіп, қалпына келтіріліп жатыр. Бұл жұмыстарға екі жедел дәнекерлеу бригадасы, төрт арнайы техника мен 16 жұмысшы жұмылдырылды, — делінген хабарламада. 

Ал бүгін таңғы 07.00-ге дейін құбырдың сегіз жалғанған жерінің төртеуі қалпына келтірілген.

Жылусыз қалған барлық сегіз әлеуметтік нысан: төрт мектеп, екі балабақша, бір дәрігерлік амбулатория, бір медициналық пункт баламалы жылу көзіне қосылған, 500 литр қысқы дизель отыны бар, — делінген хабарламада. 

Мамандардың айтуынша, құбыр қысымды көтере алмаған. Әкімдіктің жауапты қызметкерлері бес елдімекеннің: Гродеково, Қызылдихан, Жасөркен, Қызылқайнар, Полатқосшы ауылдарының халқынан түсіністік танытуларын сұрады.