Пара алу да, пара беру де — қылмыс

Елімізде 2015 жылы 18 қарашада ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңы жарияланды. Заңның басты мақсаты – қоғамдағы сыбайлас жемқорлықты жою. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мақсатына қол жеткізу үшін қоғамдағы сыбайлас жемқорлықтың белең алуына тосқауыл қоя білу қажет.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін жағдайлар мен себептерді анықтау және олардың салдарын жоюды басты назарға алғанымыз жөн. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық ынтымақтастықты дамытумен қатар, осы төңіректегі құқық бұзушылықтарды анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру міндеттерін шешетіндей жағдай жасауымыз керек. Осы бағыттағы шаралар мен көкейтесті мәселелерді шешуде заңдылықты жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жалпы алғанда, қабылданған кешенді шаралар нәтижесінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің азаюы байқалады. Сыбайлас жемқорлықтың жиі бой көрсететін, ең қауіпті түрі – парақорлық.

Бірінші кезекте пара берудің себептерін, пара алудың жағдайларын түп-тамырын жою үшін қоғам болып белсенділік танытқан жөн. Яғни пара беруді, пара алуды үлкен қылмыс санап, айыптайтындай қоғамдық сана қалыптасуы қажет. Парақорлық мемлекеттік аппараттың қалыпты қызмет етуіне бөгет жасап, билік және басқару органдарының беделіне нұқсан келтіреді, заңдылық қағидаларын жоққа шығарып, азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне қысымшылық жасайды. Парақорлықтың алдын алу, жолын кесу, ашу және тергеу жұмыстары жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік аурудың алдын алу және әшкерелеу үрдісі жылдан-жылға өсіп келеді. Парақорлықпен елімізде көбіне-көп қолында билігі бар, шешім шығаруға, бөліп бергізуге өкілеттігі жететін қызметкерлердің айналысып отырғанын көрсетіп берді.

Заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлықпен күресті барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар жүргізуі тиіс. Мемлекеттік органдардың, ұжымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының басшылары өз өкілеттігінің шегінде өздерінің кадр, бақылау, заңгерлік және өзге де қызметтерін тарта отырып, заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету міндетті деп көрсетілген. Мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстар және осы тұрғыдағы құқық бұзушылықтармен айналысуының негізгі себептері мыналар: мемлекеттік қызметшілердің құқықтық білім дәрежесінің төмен болуы; құқықбұзушылыққа немқұрайды қарайтын, қызметтік тәртібі төмен кейбір мемлекеттік органдар; кейбір мемлекеттік қызметшілердің мемлекет мүддесін емес, өзінің жеке басының жайын күйттеуі; мемлекеттік орган басшыларының сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы заң талаптарын орындау жөніндегі жұмысының мардымсыздығы.

Әрине, сыбайлас жемқорлық сылып тастайтын сыртқы жара емес, бұл тамырын тереңге жайған, өзге сау органдарын шырмап, тыныс-тіршілігін тарылтатын, сөйтіп, олардың толыққанды қызмет етуіне қатер төндіретін қауіпті кесел. Оны емдемес бұрын аурудың пайда болу, даму, таралу жолдарын біліп, дерттің қозуына қолайлы жағдай тууына жол бермеу керек. Ол үшін бұл індетке қоғам болып қарсы тұруымыз қажет. Яғни көпшілік тарапынан сыбайлас жемқорлық көріністеріне қолдан келгенше тосқауыл қойылып, қолында билігі бар азаматтар осы жолда өзгелерге үлгі болуы тиіс. Сонда ғана халық сенімінің үдесінен шығатынымыз анық. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының белгісімен іс қозғаудың бір негізі – азаматтардың арызы. Әрбір азамат өзінің Конституциялық құқығын қорғауға міндетті. Қандай да болмасын «қолы да, жолы да ұзын» адамдар азаматтардың құқығын таптап, заңсыз әрекеттерге баратын болса, әділдікті орнатушы – құқық қорғау органдары. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп қара қылды қақ жарып, турасын айтып, әділдікке жүгінген қаймана халықтың ұрпағы бүгінгідей өз алдына ел болып, еңсесі биік, абыройы орасан мемелекеттің қатарына жетуді көздеп отырған шақта сол адами қалып-парасат биігінен көрінуге тиіспіз.

Данияр АХШАЕВ,
Түркістан облысы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының сот әкімшісінің басшысы

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да