2000-нан аса адамды сан соқтырған «Индиго 24» қаржы пирамидасының алаяқтық әрекеттері елдің есінен шыға қоймаған болар. Былтыр күз айында олардың 25 өкіліне сот үкімімен жаза тағайындалды. Түркістан облыстық соты ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен екі құрылтайшысын 12 жылға бас бостандығынан айырып, айлалы басшының сенімді серігі болған 5 адамды 10 жылға темір тордың ар жағына жіберді. Қалған 17-сі 8 жылға қамалды. Өкініштісі сол, барлығы да қаракөз қазақтың әйелдері. Осы істі бүге-шігесіне дейін зерттеген арнайы құрылған тергеу тобын Түркістан облыстық полиция департаментіне қарасты тергеу басқармасының аға тергеушісі, полиция майоры Алтынай ЖОЛЫМБЕТОВАНЫҢ басқарғанын көпшілік біле бермеуі мүмкін. Біз таяуда тергеушінің өзімен кездесіп, тергеудің қалай жүргізілгені жөнінде әңгімелескен едік.
– Алтынай Махамбетқызы, «жең ұшынан жалғасқан» қылмыстық істің ұзын-ырғасы бүгінде көпшілікке мәлім. Десе де тергеушілерге істің анық-қанығына жетіп, кінәлілерді жауапқа тарту оңайға соқпағанын білеміз. Жалпы, қылмысты тергеу барысы қалай болды? Әңгімені осыдан бастасақ.
– Жалпы, бұл оқиға 2020 жылы басталды. Сол жылдың жазынан бастап ішкі істер органдарына «Индиго 24» қаржы пирамидасына қатысты Түркістан, Маңғыстау облыстары мен Шымкент, Астана қалаларының тұрғындарынан арыздар түсе бастады. Алданған адамдар саны 2 мыңнан асып кетті. Олардың көпшілігі Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш және Шардара аудандары мен Шымкент қаласының тұрғындары. Қаржы пирамидасын құруға және оны басқаруға қатысы бар деген күдікпен Алматы, Астана, Шымкент қалалары мен Түркістан облысының 25 тұрғыны ұсталды. Істің ауқымды болғаны соншалық, Ішкі істер министрінің бұйрығымен арнайы тергеу тобы құрылды. Топқа жетекшілік ету міндеті маған жүктелді. Тергеуге еліміздің 5 өңірінен келген 30 тергеуші, 7 арнайы прокурор, жедел уәкілдермен бірге сарапшылар мен аудармашылар тартылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі 1 жылдан астам уақытқа созылды. Жинақталған материалдардың саны мың томға жетті.
Қаржы пирамидасын әуел баста оңай жолмен пайда табуды көздеген алматылық азамат пен оның анасы ұйымдастырған. «Миллион теңге салсаң, сонша ақша аласың» деген ұстаныммен жарнамасын жан-жаққа тарата бастаған. Сенімге кіру үшін бастапқыда салымшыларға аздап ақша да беріп отырған. Тегін ақшаның буына масаттанған олар жан-жақтан адам іздеп, қаржылық пирамиданың іргесін кеңейтуге кіріседі. Осылайша 2018 жылдың ақпаны мен 2020 жылдың тамыз айы аралығында салымшыларға жүз пайыз пайда әкелуге уәде етіп, сенімге кіру арқылы азаматтардан 3 миллиард теңгеден астам қаражатты иемденеді. Алаяқтық жолмен түскен ақшаны олар өзара бөлісіп отырған. Азаматтардың басым бөлігі қаржы пирамидасына кіру үшін үйлерін кепілге қойып, несие алғандығы анықталды.
– Осы іс бойынша 20-дан аса әйел күдікті ретінде ұсталып, жыл бойы қамауда отырды. Ал, тергеуге қатысты әрекеттер негізінен жәбірленуші ең көп тіркелген Жетісай ауданында жүргізілді. Арадағы алшақтық қылмыстық істерді қарау барысында қиындық тудырмады ма?
– Бұл облыс тарихындағы ең күрделі істердің бірі болды. Қаншама адам несие алып, соңғы ақшасын қаржы пирамидасына салды. Жәбірленушілердің көпшілігі әйелдер болғандықтан, бұл істі тергеу өзіме де ауыр тиді. Біреуі үйінен, енді біреулері қолдағы ақшасынан айырылған. Қаншама әйел алдымызға жылап келіп, алаяқтарды қашан жазалайсыздар деп тұрып алатын. Ал, тергеу изоляторына барсаң, айыпты ретінде онда да әйелдер отыр. Олардың да бала-шағасы, проблемалары бар. Бір жарым жыл отбасын көрмей, қамауда отыр. Оларға да психологиялық көмек көрсетуге тура келді. Алданған әйелдерге «сен не үшін несие алдың, неге сендің?» деп айта алмайсың. Себебі, олар сол кезде онсыз да психологиялық тұрғыда ауыр күндерді басынан кешіп жүрді. Солардың ақшаларын қайтарып берсем екен деп іштей ойланумен жүрдім. Ал, істі сотқа өткізгенде үстімнен ауыр жүк түскендей болды.
– Соңғы жылдары алаяқтықтың осы түрі қанатын кеңге жайып келеді. Есесіне, алданып қалғандар да азаяр емес. Осы орайда олардың алданып қалуының себебі неде деп ойлайсыз? Арызданып келген азаматтар не нәрсені желеу етеді?
– Халқымыз табиғатынан ақкөңіл келеді ғой, содан болар, алданып қалуға бейім тұрады. Одан бөлек, «оңай ақша тапсам» деген ниет те болған шығар. Көбінесе ауыл тұрғындары осындай іске ұрынып жатады. Бұл ең алдымен қаржылық сауатсыздықтан, құқықтық білімнің кемшіндігінен болған жағдай деп ойлаймын. Мұндай жолмен ақша табудың мүмкін еместігін әр азамат түсінуі керек. Қазіргі таңда халықты алаяқтықтан сақтандыру жұмыстары барынша насихатталып-ақ жатыр. Өкінішке қарай, сонда да алданып қалатындар азаяр емес. Абай айтпақшы, бойы бұлғаң, сөзі жылмаң болып келетін әккілер сендірудің барлық тәсілдерін игеріп алған. Заңға сай жүрсеңіз, сізді ешкім де алдай алмайды.
– Алаяқтықтың басқа түрін айтпағанда, адамдар қаржы пирамидаларының құрығына неліктен жиі ілігіп жатады?
– Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар негізінен өздеріне аңғал адамдарды тартады. Әрі оларды жоғары жалақы табатынына сендіреді. Олар негізінен үш саты бойынша әрекет етеді. Алғашқысы – пирамиданың құрылуы. Алғашқы тіркелгендерге олар табысты өз қалтасынан төлейді. Екінші қадам – қаржы пирамидасын насихаттау. Одан қаржы алғандар табысын туыстары мен таныстарына айтып, оны әлеуметтік желілерде бөлісіп, қатарына адамдарды тарта бастайды. Бұл кезеңде оларға сыйақы пирамидаға жаңадан тіркеліп жатқандар есебінен төленеді. Үшіншісі – пирамиданың күйреуі. Бұл салымшылардың саны мен қаржының белгілі көлемі жинақталған кезде болады. Ең даулы тұсы да осы. Пирамидаға сенген адамдар сыйақы былай тұрсын, өз қаржысынан айрылады. Ең өкініштісі, мұндай жағдайда қорғану мүмкіндігіңізден де айырыласыз. Себебі, елімізде пирамида ұйымдастырушыларымен жасалған келісімнің ешқандай заңдық күші жоқ.
– Тергеушілік интуицияңыз алаяқтарды алыстан таниды ма?
– Әрине, оларды танимын! Бірнеше жылдық тәжірибенің арқасында адамның өтірік айтып отырғанын сыртқы келбеті мен іс-әрекеттері арқылы байқауды үйрендік. Одан бөлек, адамдар ішкі жан-дүниесін сыртқа шығаруға бейім тұрады. Олардың алаяқ немесе алаяқ еместігі осы қасиеттері арқылы анық байқалып тұрады. Мұны үйрену үшін көптеген психологиялық кітаптарды ақтардық. Тәжірибе мен теория екеуі ұштасқанда ғана өз жемісін береді. Міне, бұл жерде де сондай. Алайда, өз ішкі түйсігімді алға тартып, адамға кінә артудан аулақпын. Мен негізінен нақты фактілерге сүйенемін. Құжаттарды немесе дәлелдемелерді өз көзіммен көрмейінше, ешкімді кінәламаймын. Тергеуші болған соң кәсіби біліктілігің де мықты болуы керек.
– Негізінен, алаяқтыққа қатысты істерді көп қарайсыз. Тергеушілік тәжірибеңізде алаяқтықтың тағы қандай түрлері жиі кездеседі?
– Алаяқтыққа қатысты істерді қарағанда небір құйтұрқы әрекеттерге көз жеткізесің. Ілгеріде бізге бес адам арыз жазып келді. Олардың айтуынша, таныстары банктен жеңілдетілген несие алып беремін деп барлық құжаттарын, қомақты ақшаларын алып кеткен де, содан кейін ізім-қайым жоқ болған. Тергеу барысында ол адамның фотороботын жасап, кім екендігін анықтадық. Мекенжайы да табылды. Онымен хабарласып, полиция бөліміне шақырттық. Бірақ, келмейді. Амал жоқ, сотталасың деп қорқытуға тура келді. Жауап алу кезінде әлгі адамдардың құжаттары ауылдағы үйінде деп көрсетті. Ертесіне қаладан шеткері жатқан Монтайтас ауылына бардық. Құжаттарды қапқа салып, пештің түбіне көміп қойыпты. Ішін ашып қарасақ, бес адам емес, отыз шақты адамның құжаттары жатыр. Барлығын алдап жүрген екен. Кейін бәрін шақыртып, құжаттарын қайтардық. Олардың сол кездегі қуанғанын көрсеңіз ғой. Кейбірі құжаттан да, ақшадан да күдер үзген екен. Кейде сол алаяқтарды қамасаң, туыстары босатшы деп алдыңа келеді. Оларға қылмысы ауыр, босатуға болмайды деп түсіндіріп жібереміз. Содан кейін ондай адамдарға басқа алаяқтар кездеседі. Яғни ол тергеушіні танимын, істі оңынан шешіп беремін деп ақшасын алып кетеді. Өздері кімнен көмек сұрарын білмей жүргендер тағы да сондайларға дұшар болып жатады. Былайша айтқанда, алаяқтықтың түрі көбейіп кетті.
– Алғашқы тергеген ісіңіз есіңізде ме?
– Әрине, есімде. Ең алғаш қараған ісім кісі өлімі болды. Қаладағы дәмханалардың бірінде ер азаматты бірнеше жерінен пышақтап, өлтіріп кетіпті. Қылмыскер бой тасалап үлгерген. Оқиға орнына келсем, өлген адамның жатқан жерін қоршап тастаған, жан-жағында иттер жүр. Аң-таңмын. Дереу сараптама тағайындалды. Көмекке полиция департаментінен тергеуші келіп, бағыт-бағдар берді. Ертесіне жұмысқа келсем, «Алтынай, сен бұл істі бізге бере сал, саған ауыр болады» дейді басқа тергеушілер. «Жоқ, ешкімге бермеймін» деп іске өзім кірісіп кеттім. Содан бастап тергеудің қыр-сырын үйреніп, сараптаманың түр-түрін тани бастадым. Қаза тапқан ер адамның үйіне барсам, кішкентай-кішкентай бес қызы бар екен. Әкесі үйдің жалғыз асыраушысы екен. Әкеміз келе ме деп есік жаққа үздіге қарайды. Соларды көріп, жүрегім қатты ауырды. Осыдан қылмыскерді тауып, қамау керек деген ойға келдім. Күн-түн демей жұмыс істеп жүріп, кісі өлтірген қылмыскерді таптық. Кейін ол тиісті жазасын алды.
– Өзіңіз туралы аз-кем мәлімет бере кетсеңіз…
– Өзім Түлкібас ауданының тумасы болғаныммен, балалық шағым Отырар, Бәйдібек, Ордабасы аудандарында өтті. Әкем Махамбет автобазаның бастығы ретінде қызмет орнын жиі ауыстырып тұратын. Алдымдағы екі ағам ішкі істер саласында жұмыс істейтін. Соларға еліктеп, мен де заң саласының маманы болғым келді. Үйдегілердің қарсылығына қарамай, М.Өтебаев атындағы жоғары технологиялар колледжінде, М.Әуезов атындағы ОҚУ-да заңгерлік білім алдым. Алғашқы еңбек жолымды Шымкент қаласы, Әл-Фараби аудандық полиция басқармасының көші-қон бөлімінде бастадым. 2010 жылы Абай аудандық полиция бөліміне ауысып, тергеу ісімен шұғылдандым. Қызмет барысындағы азды-көпті тәжірибем ескерілген болуы керек, 2015 жылы облыстық полиция департаментіне қызметке шақырылдым. Міне, содан бері облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасында аға тергеуші ретінде жұміс істеп келемін.
Екі қыз, бір ұлым бар. Әрине, екі жаққа үлгеру оңай емес. Әсіресе, мына қаржы пирамидасына қатысты іс өте ауыр болды. Біз істі Түркістанда емес, Жетісай қаласына барып тергедік қой. Апта сайын үйге келіп, бала-шағама көңіл бөліп кететінмін. Себебі, бала қандай жағдай болмасын, ата-анасының назарынан тыс қалмауы керек қой.
– Әңгімеңізге рахмет!
Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
Түркістан облысы
