Алматыда бас шыршаны жағу рәсімі 20 желтоқсанда өтеді

Алматыда жаңа жылдық шыршалар, ертегі кейіпкерлері, басқа да мерекелік атрибуттар желтоқсан айының ортасына қарай қойыла бастайды. Қазіргі уақытта қаланы жаңа жылдық безендірумен айналысатын компанияны анықтайтын конкурс өтіп жатыр.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев айтты.

Спикер биіктігі 20 метр болатын қаланың басты шыршасы Абай алаңында қойылатынын айтты. Оны ресми жағу рәсімі мен мерекелік концерт 20 желтоқсанда өтеді.

Жаңа жыл мерекесіне орай қалада 60-дан астам шырша қойылады. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін түрлі тақырыптық іс-шаралар, жаңа жылдық фестивальдар, шеберлік сыныптары, жас суретшілердің көрмелері, концерттер мен үздік жаңа жылдық бейнероликке қатысты мобилографтар арасында байқаулар өтеді. Аудандарда жаңа жылдық жәрмеңкелерде өткізу жоспарланып отыр. Сонымен бірге Аяз аталардың шеруі өтеді, — деді Арман Қырықбаев.

Оның сөзінше, инсталляциялар, иллюминациялар мен фотоаймақтар Панфилов, Жібек Жолы көшелері бойында, Абай, Астана алаңдары, Тұңғыш президент саябағы, Абай атындағы ҚҰОБТ, Н.Сац атындағы балалар мен жасөспірімдер театры, «Алматы арена» спорт кешені алаңдары мен әр ауданда болады.

Жаппай сырғанау үшін қалада 22 ашық мұз айдыны ұйымдастырылады. Ашық мұз айдындарының аумағында спорттық ойын-сауық бағдарламалар, конкурстар, флешмобтар, жүлделермен ұтыс ойындары, демалыс аймақтары мен кофе-пойнттарды ұйымдастыру жоспарланып отыр, — деді Арман Қырықбаев.