Алдағы бес жылда жатақханалардағы орын саны 55,5 мыңға ұлғаяды. Премьер-министр Әлихан Смайылов әлеуметтік саладағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулыға қол қойды.
Бұл туралы Хабар 24 хабарлады.
Кешенді жоспарға енген жобалар құнының 30%-ін мемлекет қаржыландырады.
Жоспарда жоғары білім, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау, спорт және білім беру салалары бойынша жалпы 43 нысан қамтылған. Мұның ішінде жаңа үш емхана мен үш оңалту орталығын ашу көзделіп отыр. Спорт саласында жаңа сегіз спорт залын іске қосу жоспарланған. Барлық бағыттар бойынша жаңа нысандардың жалпы құны 261 миллиард теңгеден асады.
Кешенді жоспар бойынша, 8 мыңға жуық орынға арналған тоғыз студенттік жатақхана салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауын іске асыру аясында жаңа жатақханалар ашылады, — делінген хабарламада.
Атап айтқанда, биыл 10 мың орынға арналған 43 жатақхананы іске қосу жоспарланған. Жалпы, барлық қаржы көзі есебінен 2028 жылға дейін 55,5 мың орын пайдалануға беріледі.