БҚО-да биыл 81,5 млрд теңгеге 617 шақырым жол жөнделуде

ОКҚ алаңында БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз конференциясын бірінші болып Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өткізді. Өңір басшысы дамудың негізгі көрсеткіштеріне тоқталды.

Оның ішінде облыста: өнеркәсіп өнімінің көлемі 2,6 трлн теңгені құрап, 3,2%-ға өсті; үстіміздегі жылдың 9 айында ШОБ субъектілерімен 1 трлн теңгенің өнімі өндірілді; 26 млрд теңгеге 31 жоба іске қосылды; жалпы құрылған жұмыс орындарының 80%-ы ауылдық жерлерде; 302 мың тонна астық жиналды; АӨК саласында 6 млрд теңгеге 15 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда; ұзындығы 185 шақырым құрайтын 3 магистраль каналын қайта жаңғырту жұмыстары жүруде, бұл Жайық өзенінің сол жақ жағалауында 350 мың гектарға дейін жайылымды ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді; 81,5 млрд теңгеге 617 шақырым жол жөнделуде; «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 540 жас маман 186 млн теңге көлемінде бастапқы көтерме ақы алды.

Апатты жағдайдағы мектептердің, үш ауысымды оқыту, оқушы орын тапшылығы мәселелерін түбегейлі шешу үшін 32 млрд теңгеге 27 мектептің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 4 мектеп пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін 12 мектеп құрылысын аяқтайтын боламыз, – деді Нариман Төреғалиев.

Сонымен қатар «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында 12 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі таңда 6 нысан бойынша құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды. Жыл соңына дейін қалған 6 нысан салынып, пайдалануға беріледі. Алдағы жылы осы бағытта 38 медициналық нысанның құрылысы жоспарланып отыр.

БҚО-да 46 ауылды сапалы ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. Өңірде 47 ауылдық елді мекенін ауыз сумен қамтуға 6,3 млрд теңге қаржы бөлініп, 44 жобаны іске асыру көзделген, оның 50%-дан астамы пайдалануға берілді. Қалған ауылдар ауыз сумен жыл соңына дейін қамтылады. Нәтижесінде ауыл халқының ауыз сумен қамтамасыз етілуі 94%-ды құрайтын болады.

2024 жылдың жоспарына сәйкес, 46 ауылды сапалы ауыз сумен қамту жоспарланып отыр. Қазіргі таңда облыс халқы толықтай көгілдір отынмен қамтылған, — деді БҚО әкімі Нариман Төрағалиев ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.

Президент еліміздің стратегиялық маңызы бар міндеттерінің бірі – көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалануға баса назар аударып, 2029 жылға дейін 4 мың шақырым жолға күрделі жөндеу жүргізуге тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасы аясында БҚО-да осы жылы 81,5 млрд теңгеге 617 шақырым жол жөнделуде. Қазіргі таңда 513 шақырым жол жөнделді. Жыл соңына дейін жергілікті жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесі 52%-ға жететін болады.

2024 жылы 100 млрд теңгеден астам қаржыға жалпы ұзындығы 800 км құрайтын 139 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Соның ішінде халықты толғандырған Бөкей ордасы және Жәнібек аудандарын облыс орталығымен байланыстыратын аяқталмай қалған 120 шақырымның биыл 104 шақырымын аяқтадық, қалған 16 шақырым бойынша жұмыстар жалғасуда, — деді Нариман Төреғалиұлы.