БҚО әкімі Сырым ауданына жұмыс сапарымен барды

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев Сырым ауданындағы сапарында Аралтөбе ауылдық округіне барды.

Бұл ауылда “ПРОФТЕКСТ” ЖШС тігін цехын іске қосқалы жатыр. Қазіргі таңда ғимарат құрылысы аяқталып, жабдықтарын күтіп тұр. Цехтың иесі Ерлан Жантөриев бұған дейін жылына 15 мың дана арнайы киім тіккен іргелі кәсіпорынның өндірісін басқарған. Бизнестегі машығын, тәжірибесін және жоспарын Ерлан туған ауылына алып келуде.

Қазақстанның 17 қаласында біздің кәсіпорынның филиалы жұмыс жасады. Мен де таңдау көп болды, алайда цех орыны деп Аралтөбені таңдадым. Киімнен бөлек, басқа да тігін өнімдерін шығарғымыз келеді. Ауылдастарымды оқытып, тігін ісіне баулуды өз есебімнен жүзеге асыруға ниеттімін. — дейді кәсіпкер. Тігіншілікке ауыл адамдарынан тарту мәселесін облыс әкімі де қолдады. Оларды оқытуға, маман ретінде даярлауға мемлекет қолдау көрсетуге дайын.

ғимарат
Фото: БҚО әкімдігі

Өңір басшысы Жымпитыға аялдап, Самара — Шымкент тас жолының бойынан бой көтеріп жатқан автокемпингтің құрылыс қарқынымен танысты. Махамбет Досалиев басқаратын “Бұлан” шаруа қожалығының негізгі бағыты — мал басын асылдандыру және көбейту. 2022 жылы шаруашылық жұмыс аясын әртараптандыру мақсатында жол бойынан сервистік қызмет көрсететін автокемпинг құрылысын бастады. Жоба құны — 600 млн теңге. Бүгінде нысанның құрылысы 85 пайызға аяқталды. 2024 жылдың екінші жартысынан кейін кафе, аспан астындағы мейрамхана, қонақүй, көлік жуу бокстары жолаушыларға қызмет көрсетуді бастайды. 15 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Нариман Төреғалиев автокешеннің құрылыс сапасын жоғары деп бағалады.

Жымпиты ауылының үстімен аптасына 9000 жүк көлігі өтеді. Сондықтан, “Бұлан” ШҚ жаңа жобасының болашағы зор. Шаруашылық ісін әзірге өз қаражатының есебінен жүзеге асыруда. Алдағы уақытта қолданамын десе, мемлекеттің қолдау бағдарламалары дайын, — деді Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов.

Одан әрі Нариман Төреғалиев жерлікті тұрғындармен жүздесті. Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовтің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімінің көлемі 14634,6 млн. теңгені құраған. Облыс әкімімен жүздесуде халық Жымпиты – Ақсай жолының күрделі жөндеуін аяқтау, Талдыбұлақ ауылына мобильді интернет тарату, малдың азықтық қорын қамтамасыз ету, электр бағаналарын ауыстыру секілді жергілікті маңызы бар мәселелерді көтерді.

Ауылдағы мәселелердің бәрі де өзекті. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев үкіметке шикізатқа тәуелділіктен құтылуды, өндіріс көлемін арттыруды, соның ішінде ауылшаруашылықтың терең өндірісін 70 пайызға дейін ұлғайтуды тапсырды. Ауыл шаруашылығы ауылмен бірге дамитын сала. Халықты тұрақтандыру үшін жағдай жасауымыз керек. Үйдің бәрі енді ауылға салынады. Қазіргі таңда мектебі жабылу алдында тұрған ауылдарға көшіп барған жанұяларға мемлекеттен субсидия беру туралы ұсыныс даярлаудамыз. Апатты жағдайдағы мектептердің, сонымен қатар үш ауысымды оқыту, оқу орыны тапшылығы мәселелерін шешу үшін биыл облыста 27 мектептің құрылысы басталды. 22 медициналық нысанға күрделі жөндеу жасалуда. Міне, енді көңіл ауылға ауды, – деді Нариман Төреғалиев. Жиыннан кейін әкімдер халықты жеке мәселелері бойынша қабылдады.