БҚО әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі ауылдарға шықты

Теректі ауданы орталығына Батыс Қазақстан облысы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі концерттік бағдарламамен келді. Өнерпаздарды Теректі ауданы әкімінің орынбасары Қалаубек Теміров қарсылап, құрмет көрсетті. Аудандық мәдениет үйінде өткен концертке аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова арнайы қатысты.

Өңірімізге танымал «Атамекен» өнер ордасының ұйытқы болуымен жүзеге асқан концерттік бағдарлама «Мәңгілік әуен» атауымен өрбіді. Шараның ашылу салтанатында «Атамекен» өнер ордасының директоры, ақын, журналист Бауыржан Халиолла сөз сөйлеп, өнерсүйген Теректі жұртшылығына алғыс білдірді.

Күні кеше 90 жылдығын тойлаған текті мекен Теректіні құттықтай келдік. Жалпы, Теректі ауданы әрдайым өнерге құрмет білдіріп, төрін ұсынады. Оған дәлел – айтыскерлерге ілтипаты, жыршы-термешілерге деген ықыластары. Зал лық толмаса да, шын ниетімен келген жүз көрермен біз үшін мыңға татиды. Эстрадалық-симфониялық оркестр құрамын ерекше көңілмен қарсылап, осындай шараның өтуіне қолдау танытқан аудан әкімі Әлия Биғазықызына алғысымды білдіремін, — деді өз сөзінде Бауыржан Ергенұлы.

Оркестрдің бас дирижері Никита Говоровтың жетекшілігімен Сейдолла Бәйтерековтің «Жан досым» туындысы, сонымен бірге әлемдік жауһарлар Жорж Бизенің «Кармені» орындалды. Одан кейін оркестр сүйемелдеуімен облысымызға танымал өнерпаздар Эльмира Усаева «Ромео және Джульетта» операсынан Джульетта валсін, Айбар Хайырханов «Фауст» операсынан үзінділерді орындап, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Орал шаһарына белгілі тағы бір дирижер Асхат Хасановтың жетекшілігімен және оркестр сүйемелдеуімен Ернар Өмірәлі «Қыз Жібек» операсынан Шегенің ариясын орындаса, Дастан Есентеміров пен Ернар Өмірәлі дуэті Армат Алдамжаровтың сөзіне жазылған «Анашым» әнін құйқылжыта шырқады.

Сонымен қатар өнерімен талайларды тәнті еткен Қанатқали Қожақов, Мұрат Әмірханов, Жаңылсын Хасанова және Теректі ауданының құрметті азаматы Марат Сарбөпеев сахна сәнін келтіріп, теректілік ағайынның алғысын алды. Дирижер Мәдениет Меңдіғалиевтің жетекшілігімен оркестр Әсет Бейсеуовтің «Мұңайма» атты туындысын көпке ұсынса, әнші Сиғваттолла Ешкаев халық әні «16 қыз» және Сейдолла Бәйтерековтің «Жан досым» әнін орындап кеш көрігін қыздырды. Көптеген ән байқауларының жеңімпазы Дамир Сатыбаев оркестр сүйемелдеуімен Муслим Магомаевтің кесек туындысы «Синяя вечность» әнін және Генадий Гладковтың «Луч солнце золотого» әнін шырқағанда зал тік тұрып өнерпазға құрмет көрсетті. Концерттік бағдарлама «Атамекен» әнімен түйінделді.

Теректілік ағайынның құрметі ретінде өнерпаздарға ықылас гүлі ұсынылды. Аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова сахнаға көтеріліп, оркестр ұжымы мен «Атамекен» өнер ордасының директоры Бауыржан Ергенұлына Алғыс хат пен естелік сыйлық табыстады.

Кәсіби музыкамен айналысу – үлкен еңбекті, ең бастысы талантты қажет етеді. Концерттік бағдарламаны бір деммен тыңдап шықтық. Жанды дауыс, сан түрлі аспаптардың үйлесімділігі, ұжым боп бірлесе жұмыс жасау – жеңіс пен жетістіктің бастауы. Осындай таланттарды жетелеп, ауданымызға арнайы келген Бауыржан Халиоллаға Теректі ауданы жұртшылығы атынан рахметімді айтамын. Баршаңызға шығармашылық жетістіктер пен сарқылмас шабыт тілеймін,-деді аудан әкімі Әлия Биғазықызы.